Түркістанда Ислам институты ашылды

Түркістан қаласында қазақстандық имамдардың білімін жетілдіруге бағытталған Ислам институтының ашылу салтанаты өтті.

Маңызды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов пен ел ағалары қатысып, көпшілікті айтулы оқиғамен құттықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан дәстүрлі исламды дәріптеу және оның ғылыми-теориялық негізін дамыту жөніндегі тапсырмасына тоқталды.
Президентіміз «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет» деген болатын. Осы мақсатта біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, дін саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыратын Ислам институтын ашып отырмыз. Институт заманауи үлгідегі материалдық-техникалық құралдармен толық жабдықталған. Бұл игі іске қолдау көрсеткен «Хилует» қоғамдық қайырымдылық қорына, демеуші азаматтарға және құрметті Наурызбай қажы Тағанұлына ерекше алғысымды білдіремін! Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістанда осындай бастаманың жүзеге асуы – заңдылық. Бұл оқу ордасы Ахмет Ясауи ілімін зерттеумен және имамдарға терең білім берумен айналысады. Мұнда Түркістан облысы ғана емес, бүкіл еліміздің дін қызметкерлері де біліктілігін арттырады, – деген облыс әкімі Нұралхан Көшеров діни басқарманың Түркістан облысындағы өкілдігіне жаңа автокөлік тапсырды.
Іс-шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы институт шәкірттерімен кездесіп, тағылымды дәріс оқыды.
Айта кетейік, бүгінде облыста 745 мешіт және 1 400-ден астам дін қызметкері жұмыс атқаруда. Ислам институтының оқу ғимаратының жалпы алаңы 1 250 шаршы метрді құрайды. Мұнда 90 орындық оқу ғимараты мен 40 орындық кітапхана бар. Сонымен қатар жалпы аумағы 1 250 шаршы метр болатын жатақхана ғимараты салынып, 45 орындық асхана қарастырылған.
Іс-шараға қатысушылар игі іске бастамашы болған облыс әкімдігіне, демеуші азаматтарға алғыстарын жеткізді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.