«Батареяға байлап, аяусыз соққыға жыққан»: Жаркентте баласын аямаған тас жүрек ана қамауға алынды

Баланы ұрып-соғып жатқанын әкесі видеоға түсірген.

18 қаңтар күні әлеуметтік желіде жантүршігерлік видео таралып, елді дүрліктірді.  Бейнежазбада келіншек 4-5 жасар баланың аяғын батареяға байлап қойып, оны аяусыз ұрған. Анасы оның жылағанына да мән бермеген. Керісінше, баланың арқасынан, басынан жұдырықтап ұрып, аяғымен тепкілеген. Сорақысы, баласына араша түсудің орнына бұл сәттің бәрін әкесі жайбарақат видеоға түсіріп отырған.

Полиция департаментінің мәлімдеуінше, бейнежазба WhatsApp топтар арқылы таралған. Оқиға Жаркент қаласы Панфилов ауданында болған.

«Жергілікті полиция қызметкерлері дереу тексеру жүргізіп, 28 жастағы әйелдің кішкентай баласына дене жарақатын салғаны анықталды. Қазір осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып,  келіншек уақытша қамау изоляторына алынды»,  деді облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиев.

Сонымен қатар қорғаншылық және қамқоршылық органдары ата-ана құқығынан айыру мәселесін заңнамада белгіленген тәртіппен қарайтыны айтылды. Оқу-ағарту министрлігінің Бала құқықтары жөніндегі комитеті Жетісу облысындағы оқиғаны назарда екенін жеткізді.

«Балалар қазір қауіпсіз жерде. Зардап шеккен балаға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Балалардың жағдайы тұрақты, оларды психологтер тексерді», деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.