Алматы қаласында полиция қызметкерлері шамамен 30 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген ауыр қарақшылық шабуылды жедел түрде ашты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қылмыс күндізгі уақытта жасалып, жәбірленушіге күш қолдану арқылы бағалы мүлік пен ақшалай қаражат қолды болған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері қысқа мерзім ішінде екі күдіктіні анықтап, ұстады. Тергеу әрекеттері кезінде ұрланған мүліктің едәуір бөлігі тәркіленді. Ұсталғандар кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Бұл қылмыстың ашылуы іске тартылған барлық бөлімшенің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесі. «Заң мен Тәртіп» қағидаты біз үшін ұран емес, күнделікті қызметтің басты талабы. Ауыр қылмыстың ешқайсысы жауапсыз қалмайды, ал әрбір жәбірленуші мемлекет пен полицияның өз жағында екеніне сенімді болуы тиіс, – деді Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов.
Қазіргі уақытта күдіктілердің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.