Қазақстанда AI Governance жасанды интеллект бойынша мемлекеттік қызметшілерді даярлау бағдарламасы іске қосылды

Бағдарламаны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасы бойынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жүзеге асырып отыр.

Бүгін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні ауқымды енгізу мақсатында басшыларды даярлауға бағытталған AI Governance 500 стратегиялық бағдарламасы бойынша оқыту басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бағдарламаны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасы бойынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жүзеге асырып отыр.

Алғашқы легінде 100 басшыны қамтитын оқыту бағдарламасының ашылуына Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Ж. Мадиев, Президенттің көмекшісі Қ. Есекеев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Д. Жазықбай және Президент Әкімшілігі Басшысының хатшылығының жетекшісі Қ. Төлеушин қатысты.

AI Governance 500 бағдарламасы ведомствоаралық цифрлық жобаларды бастауға және сүйемелдеуге, олардың архитектуралық үйлесімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Digital Kazakhstan тұжырымдамасы аясында мемлекеттік күн тәртібінің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге қабілетті цифрлық басшылар – ЖИ-офицерлердің тұрақты кадрлық пулын қалыптастыруды көздейді.

Оқытуға Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, салалық вице-министрлер, облыс әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар аппараттарының басшылары қатысуда.

Бағдарлама тұтас әрі жүйелі логика бойынша құрылған. Ол жасанды интеллектінің рөлі мен цифрлық мемлекеттің архитектурасын стратегиялық деңгейде түсінуден бастап, қатысушылардың ведомстволар мен өңірлерде енгізуге дайын цифрлық трансформация мен AI-бастамалар бойынша қолданбалы жобаларды әзірлеуіне дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау үдерісіне тартылған кадрларды жүйелі түрде даярлаудың маңыздылығын көрсетеді.