98 борышкерге сот үкімі шықты: Шымкентте баласына алимент төлемегендер қамауға алынды

Оның айтуынша, қала бойынша алимент өндіруге қатысты 13 727 атқарушылық іс тіркелген.

Шымкентте балаларына алимент төлемеген 98 борышкерге сот үкімі шықты, ал 256 адам әкімшілік қамауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы Шымкент қаласы әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова мәлімдеді.

Оның айтуынша, қала бойынша алимент өндіруге қатысты 13 727 атқарушылық іс тіркелген. Балаларының алдындағы міндетін орындамаған азаматтарға қатысты шаралар заң аясында қабылданып жатыр.

Сонымен қатар, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бағытында да бірқатар жұмыс атқарылған. Шымкентте тауар белгілерін заңсыз пайдалануға байланысты 50 әкімшілік іс қозғалып, заңсыз айналымнан 35 млн теңге көлеміндегі 58 062 дана контрафактілік өнім тәркіленген. Мамандардың мәліметінше, жасанды тауарлардың басым бөлігі тұрмыстық химия мен тағам өнімдеріне тиесілі.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында тауар белгісін тіркеу мерзімі қысқартылған. Енді жедел тіркеу қызметі арқылы брендті 4 ай ішінде рәсімдеуге мүмкіндік бар. Бұл өзгеріс кәсіпкерлердің өнімін нарыққа жылдам шығаруға жол ашады.

 

Тәркіленген контрафактілік өнімдер сот шешімімен мемлекеттік сот орындаушыларының қатысуымен ашық түрде жойылады.