Ардагерлерді ардақтайық!

Осы аптада еліміздің бірқатар өңірінде қалың қар жауып, тұрғындарды әбігерге салды, әсіресе, қариялардың күнделікті жүріп-тұруын қиындатты. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері егде жастағы азаматтарға қолұшын созып, қамқорлықтың шынайы үлгісін көрсетті.

Ел аумағында өткен «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы бір аптаға ұласып, оған шамамен 200 волонтер атсалысты. Олар 50-ден астам зейнеткер мен еңбек ардагеріне көмек көрсетті.

«Жастар Рухы» белсенділері әркез игі істің басы-қасында жүреді. Олар жаз айларында қариялардың ауласын тазалап, шөп шабуға көмектессе, қыс айларында қар тазалау жұмыстарымен айналысады. Бұл жолы да волонтерлер жалғыз тұратын қариялардың және еңбек ардагерлерінің үйінің ауласындағы қарды шығарып, мүгедектігі бар адамдарды біріктіретін қоғамдық ұйымдарға қолдау көрсетті.

«Жастар Рухы» жастар қанаты тек тұрмыстық көмекпен шектелмей, қарияларға азық-түлік жеткізіп, аулаларын абаттандыру және жеңіл жөндеу жұмыс­тарын жүргізуге атсалысуда, сондай-ақ қарт адамдарға жылулық сыйлап, қамқорлық танытып келеді.

Мәселен, Орал қаласында белсенділер оннан астам көмекке мұқтаж ардагерлердің ауласын қардан тазалап, олардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға үлес қосты.

«Қазір көптеген егде жастағы адамдар үшін аула тазалау немесе көшеге шығу қиындық тудыруы мүмкін. Біздің басты мақсат – осындай сәттерде оларға қолұшын созу. Акция аясында біз «Жастар Рухы» белсенділерімен бірге қар тазалау жұмыстарын жүргіздік», – деді Орал қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Қуаныш Тілешов.

Акция барысында жастар ардагерлердің үйлеріне барып, олардың өмір жолы мен тәжірибелері туралы әңгімелерін тыңдап, баталарын алды. Мұндай кездесулердің волонтерлер үшін үлкен рухани мәні бар. Қариялармен жылы қарым-қатынас жастарда туған жерге деген сүйіспеншілікті нығайтып, үлкендерді құрметтеу мен кішіге қамқор болу сияқты құндылықтарды қалыптастырады.

Бұл ізгі дәстүр Алматы қаласында да жалғасын тапты. Белсенділер 90 жастағы тыл еңбеккері Айымкүл Әниятованың үйіне барып, оған тұрмыстық көмек көрсетті. Жастар домбырамен күй шертіп, қарт әйелдің көңілін көтеріп, батасын алды.

Қызылорда облысында да «Жастар Рухы» белсенділері ардагерлермен тығыз байланыс орнатып, оларға көмек көрсету ісін дәстүрге айналдырды.

«Егде жастағы адамдарға үнемі қолғабыс болуға тырысамыз. Акция аясында біз көмек көрсетіп қана қоймай, ата-әжелеріміздің ақыл-кеңестерін тыңдап, өмірлік тәжірибелерін үйренеміз. «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері үшін бұл – қарияларға деген шынайы құрмет және қоғамға пайдалы болудың маңызды тәсілі», – деді қызылордалық белсенді Жанерке Қуатбай.

Айта кетейік, 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында қарияларға жүйелі түрде жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінде бұл бастама белсенді жастардың арқасында мейірімділік пен қамқорлықтың жарқын үлгісіне айналып отыр.

Елнар ЕЛТАЙ