Суретші әйелдер көрмесі өтіп жатыр

Астанада қазақстандық суретші әйелдердің көрмесі ашылды. Онда отандық және халықаралық өнер кеңістігінде есімі көпке танымал қылқалам шеберлерінің жұмыстары қойылды.

Олардың қатарында – Алтыншаш Алпысбаева, Рахат Сапарәлиева, Ильсуар Казакова, Рашита Мусагаева, Динара Нугер сияқты белгілі суретшілер бар. Әйел жан дүниесінің нәзік қырларын ашатын сурет туындылары қалың көпшіліктің ықыласына бөленді. Көрме «Сенім» деген атаумен өтуде.  Өнер жолындағы қыз-келіншектердің шығармашылығын кеңінен насихаттауға бағытталған шарада 150-ден астам туынды келушілер назарына ұсынылды.

– Мен керемет әсер алдым. Өйткені бұл ұлттық музей шаңырағында болып жатқан көрме. Жай ғана көрме емес, қыздар ұйымының көрмесі. Мықты қыз-келіншектерден жиналған талантты суретшілер. Оның ішінде Жәмилә бастаған. Әрине, осы алғаш 25 жыл бұрын алғаш бастағанда қыздар не істеуі мүмкін дегендей ешкім сенбеп еді, бүгін нәтижесін көріп тұрмыз, – деді Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Естай Даубаев.

Ұлттық  киімдегі әйел бейнелері, ана махаббаты мен ана бақыты тақырыптарын арқау еткен жұмыстар көрермен тарапынан ерекше бағаға ие болды. Көрме үш ай бойы жалғасады.