Осыған орай «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының ұйымдастыруымен бастауыш партия ұйымдарының төрағаларына арналған арнайы оқыту семинары өтті.
Семинар барысында партия қатарына қабылдау тәртібі, партия мүшелігін тоқтату талаптары, партия мүшелерін есепке алу жүйесі, сондай-ақ партиялық құжаттарды рәсімдеу және өткізу қағидалары жан-жақты әрі нақты түсіндірілді. Қатысушыларға қолданыстағы нормативтік құжаттар мен ішкі тәртіп ережелері кезең-кезеңімен таныстырылып, күнделікті жұмыста жиі кездесетін мәселелер бойынша практикалық мысалдар ұсынылды.
Семинардың маңыздылығына тоқталған партияның Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков бастауыш партия ұйымдары партияның ең төменгі буыны болуымен қатар, ең жауапты әрі шешуші құрылымы екенін айтты.
– Бастауыш партия ұйымы партия мен халық арасындағы тікелей байланыс көпір міндетін атқарады. Сондықтан бастауыш ұйымға жетекшілік ететін әрбір азамат партиялық тәртіпті, құжат айналымын және мүшелік есепті заң талаптарына сай, жүйелі түрде жүргізе білуге тиіс. Бірлесіп атқарған ұйымдасқан жұмыс партия беделінің негізін қалайды, – деп атап өтті қалалық партия филиалының төрағасы.
Бастауыш партия ұйымдары жетекшілерінің басын қосқан семинар партия ішіндегі ұйымдастырушылық жұмысты жүйелеу, құжат айналымын біріздендіру және бастауыш партия ұйымдары төрағаларының құқықтық әрі ұйымдастырушылық сауаттылығын арттыруға арналды.
– Партия мүшелерінің нақты есебін жүргізу саяси ұйымның ашықтығын қамтамасыз етіп, партияға деген қоғам сенімін нығайтады. Әрбір құжат, әрбір дерек өз уақытында, талапқа сай рәсімделуі қажет. Бұл – партия ішіндегі тәртіп пен жауапкершіліктің басты өлшемі, – деді партия филиалының сектор меңгерушісі Жанболат Жандәулетұлы.
Жиын қорытындысында партияның жұмысы ашық, жүйелі және тиімді болуы үшін мұндай оқыту-семинарлары алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетіні атап өтілді. Бұл бастамалар бастауыш партия ұйымдарының әлеуетін арттырып, партияның қоғам алдындағы жауапкершілігін одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады.
Елнар ЕЛТАЙ