Аязда жылусыз қалды

Қаңтар мінез көрсетті. Қаһарлы қыс қаңтардың бел ортасына келгенде күрт суытып, аяз қыса бастады. Қыстың қатал сыншы екендігі дәл сол уақытта айқындала түсті.

Теміртау қаласында түнде тұтас шағынаудан жылусыз қалған еді. Оқиға дауылды күні болды, сол уақытта өңірде ауа температурасы –30 градусқа дейін төмендеген. 

Ескі құбыр Теміртау тұрғындарын әбігерге салды. Аяз көтеріліп, жылу жүйесінің қысымы артқаны сол еді, тозығы жеткен құбыр бірден сыр бер­­ді. Соның кесірінен 8-ық­ша­мау­да­нын­дағы 40 шақты көпқабатты тұрғын үй, ондаған жеке үй және бірнеше биз­нес нысан жылусыз қалды. 

«Аурухана, мектеп балабақша түгел жұ­мыс істеп тұр. Мамандар түнделетіп ақау­ды толықтай ретке келтірді. Ал тұр­ғындарға жылу тек түс қайта беріл­ді», – деп есеп бере бастады жауапты тұл­ғалар. 

Алайда 50 жыл бойы күрделі жөндеу көр­меген жылу желілерінің кесірінен апат қайталануы мүмкін. Былтырдың өзін­де бұл учаскеде 6 рет құбыр жарыл­ған. Айта кету керек, Теміртау қаласын­да жылу желілерінің жалпы ұзындығы 425 шақырымдай болады. Бүгінде оның 70 пайызы тозған. Соңғы 5 жылда 125 ша­қырымы жаңғыртылғанымен, бұл мә­селені шешпейді. Тек 5 пайызы ғана жаңартылған деген сөз. Ал биыл жос­пар бойынша 35 шақырым құбыр ауыс­тырыл­мақ.

Ескіні жаңарту қолға алына бас­та­­ған­ы жақында ғана. Темір­тау­дың әбден тозығы жеткен жарық және жылу желі­сі біртіндеп жаңара бас­тады. Оған соң­ғы екі үш жылдан бері бюджеттен 12 мил­лиард теңгеден ас­там қаржы бөлін­ген. 

Сондықтан қала тұрғындары жаз шы­ға, қазылған жерлер мен жабылған көшені айналып өтеді. Бірақ бұл жұмыс алдағы ондаған жылдарға тұрғындар­дың жайлы тұруына бағытталған шара­лар дейді қала билігі. 

Теміртаудың тұрғындары ауа райы бұзыла бастаса, май шамын қамдап, су жи­нап алуға асығады. Сәл жел соға қал­са, қараңғыда отыруға да еті үйрен­ген. Электр қуатынсыз суды қуатын сорғылар істен шығады.   

– Орталық сорғыны стансадағы құ­рыл­ғылар әбден тозған. Оны көзімізбен көрдік. 60 жылдардағы мұрағат экспо­нат тәрізді. Оны жөнге келтіру де мүм­кін емес. Өйткені оның қосымша бөл­­­шектері қазір шығарылмайды. Сон­дық­тан үнемі істен шығып, халық сусыз қа­­лады. Қала тұрғындары коммуналдық жай­сыздықтарды жыл сайын басынан өт­кізеді. 2022 жылы жылу магистралінің тозуы 75 пайызды көрсетті. Сол қыста жұ­рт қалтырап отырып қысты өткіз-ген, – дейді Теміртау қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Антон Поляков.

Содан кейін ғана қала билігі рес­пуб­­ликалық бюджеттен ақша сұрады. 

– Тиісті бақылау болмады. Бұрын то­зығы жеткен құрылғыларды уақы­тылы айырбастау керек деген қағида бо­латын. Қазір олай емес. Оны жоға­ры­ға айтып ешкім басын ауыртқысы кел­меді. Ақыры осындай жағдайға әкел­ді.   Теміртау қаласы жылу және су құ­­­бырлары күрделі жөндеу дегенді соң­ғы алпыс жылдан бері көрген емес. Тек ұсақ-түйек жұмыспен шектелген. Ком­муналдық қызмет тарифтің төмен­дігі­нен құлашты кеңге жая алмадық деп ақ­талады. Енді мемлекет қаржысы құйы­ла бастады, – дейді қоғамдық кеңес мүшесі Румиль Сабиров.  

Дәл осындай жағдай 5 жыл бұрын да болған еді. Сол уақытта тозығы жет­кен құбыр салдарынан Теміртау тұр­ғын­дары аязда жылусыз қалды. Мұның се­бебі қаланы жылумен қамтамасыз ете­­тін ЖЭО-2 жөндеу деп аталды. Кел­тіріл­ген қолайсыздық үшін Теміртау қа­ласының әкімі Қайрат Бегімов тұр­­ғын­дар алдында кешірім сұра­ды. 

Сол жағдай тағы да қай­та­ланды. Бұл жо­лы жа­ңа әкім Ғалым Әші­мов халық ал­дына шықты.

– 1970 жылдардан бері күрделі жөн­деу көрмеген құ­быр­­дың ескі учаскесі зақым­дан­ғаны анықталды. Зақымдан­ған орын табылды, мамандар қалпына келтіру жұмыстарына кірісті, апат­тық-қалпына келтіру бригадалары жұ­мыс істеп жатыр, барлық қажетті күш пен тех­ника жұмылдырылды, – де­ді қала әкімі Ғалым Әшімов. 

Ескіні жаңарту жұмыстары жүріп жатыр, бірақ, жұмыс дұрыс жүргізіле ме? Тағы да келесі әкім халықтан кешірім сұрап тұрмай ма? Оны алдағы уақыт көрсетеді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы