Алиментің қайда, әкетай?

Бала үшін ең ауыр сезім – әкесінің бар бола тұра, жауапкершілігінің жоқ­тығы. Өкінішке қарай, бұл бүгінде бір отбасының емес, тұтас қоғамның мәселесіне айналған.

Шымкент қаласында ғана баласына алимент төлеуге міндетті 13 мыңнан астам азаматтың болуы – осы­ның айқын дәлелі. Ал солардың жүздегені өз перзентінің алдындағы борышынан саналы түрде жалтарып жүр. Былай қарағанда, алимент де­геніміз – баланың тамағы, киімі, білімі, денсаулығы, яғни баланың бо­лашағы. Өкінішке қарай, көптеген әке заңсыздықтан емес, шын­дап келгенде адамгершіліктен, жауапкершіліктен аттап жүр. 

Шымкент қалалық Әді­лет департамен­ті­нің мәліметінше, бүгінде алиментке қатысты 13 727 атқарушылық іс тір­келген. Соның ішінде 603 бо­рышкер түрлі сылтаумен қа­ры­зын төлеуден жалтарып ке­ле­ді. Ал 2025 жылы ғана бала­лары алдындағы міндетін орын­да­маған 98 азаматқа қатысты сот­тың айыптау үкімі шыққан. Бұ­дан бөлек, 256 адам әкімшілік қа­маққа алынған. Демек, әке­сі­нің көмегіне мұқтаж осынша ба­ла бар. Шымкент қалалық Әді­лет департаментінің басшы­сы Айнұр Исабекованың ай­туын­ша, заң алименттен жал­тар­ғандарға қатысты қатаң ша­­­­ралар қабылдауға мәжбүр. «Ба­лаларының алдындағы мін­детін орындамаған 100-ге жуық борышкерге сот үкімі шықты. Заң бәріне ортақ. Әке атанған адам жауапкершіліктен қаш­пауы керек», – дейді ол.

Алайда Әділет депар­та­мен­ті­нің жұмысы тек алиментпен шек­телмейді. Қалада зияткерлік меншік құқығын қорғау, адал бә­секелестікті қамтамасыз ету ба­ғытында да нақты нәтижелер бар. Шымкентте өзге біреудің тауар белгісін заңсыз пай­да­лан­ған тұлғаларға қатысты 50 әкім­ші­лік іс қозғалған. Бұл – кәсіп­кер­лердің құқығын қорғауға ба­ғытталған маңызды қадам. Со­нымен қатар заңсыз айна­лым­нан жалпы құны 35 мил­лион теңгені құрайтын 58 062 дана контрафактілік өнім тәр­кіленген. Мамандардың ай­туын­ша, жасанды тауарлардың ба­сым бөлігі – тұрмыстық хи­мия мен тағам өнімдері. Яғни, бұл мәселе тек экономикалық емес, тікелей адам денсау­лы­ғы­на қауіп төндіретін жағдай.

«Сот шешімі шыққаннан кейін контрафактілік өнімдер ар­­­­­найы қаулы негізінде толық­тай жойылады. Бұл процесс ашық түрде жүзеге асырылады», – дейді Айнұр Исабекова. Жақсы жаңа­лық та жоқ емес. Кәсіпкерлер үшін тауар брендін тіркеу мер­зі­мі қысқарды. Бұрын бұл про­цесс 7 айға дейін созылса, енді ақы­лы жедел тіркеу арқылы 4 ай­да аяқтауға мүмкіндік бар. Бұл – отандық кәсіпкерлердің өз өнімін нарыққа тез шығаруға жол ашатын нақты қолдау.

Дегенмен қоғам үшін қазіргі ең өзекті мәселе – алимент. Заң қа­тайған сайын борыш­кер­лер­дің саны азаюға тиіс. Бірақ ең бастысы – заңнан емес, ардан ұялу. Балаға қаражат аудару – бұ­рынғы жарыңа көмектесу емес, өз қаныңнан жаралған пер­­­зентіңе деген міндет. Көп жағ­дайда алимент төлемеудің ар­тында «жұмысым жоқ», «та­быс аз», «бұрынғы отбасымен араз­бын» деген сылтаулар ай­ты­лады. Алайда заң үшін де, қо­ғам үшін де бұл ақталу емес. Өйт­кені алиментті бұрынғы жұ­байына ренішпен шатастыруға бол­майды. Баланың тамағы, киі­мі, мектебі, дәрісі әкенің көңіл күйіне немесе қарым-қа­ты­насына тәуелді болмауға тиіс. Тереңнен ойласақ, мәселенің ушы­ғуы мемлекетке қосымша сал­­мақ салады. Әкесінің мін­де­тін орындамаған жүктің орнын бюджет, әлеуметтік бағдар­ла­ма­лар мен қайырымдылық ша­ра­лары толтыруға мәжбүр. Де­мек, бір адамның жауапсыздығы тұтас қоғамға әсер ететінін көр­­­сетеді. Қамқорлық көрмеген ба­ла ертең қоғамның ең әлсіз тұ­сына айналуы мүмкін.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы