Олардың артықшылығы сол – өздігінен биоыдырайды. Ол дегеніміз – бірнеше жыл өткеннен кейін қалдық қалмай, табиғатқа зиянын келтірмейді.
Дизайнерлер туралы сөз болғанда, материал мәселесі көбіне екінші, тіпті үшінші орынға ысырылып қалады. Алайда Данияр Үдербековтің шығармашылығына үңілсек, жұмысы әуелі материалдан басталатынын аңғарамыз. Дизайнер шикізат ретінде сонау неолит дәуірінен бері келе жатқан өзен жонып қалыптастырған тастарды пайдаланады. Мыңдаған жылдық тарихы бар тас пен цифрлық құралдардың тандемінен пайда болған бұйымдар Fab-lab стиліне тән. Дайын табиғат өнімінен жасалатын бұйымдар онжылдықтарға дейін қызмет ете алады.
«Маған салмағы 100 келіден асатын, бір жағы тегіс, екінші жағы домалақ тас керек болды. Алматыда мұндай валундар өзен арналарының бойында жатады. Құюдың не өңдеудің орнына, табиғаттың өзі жасап қойғанын тауып, оны қызметіне сай қолданамын», – дейді.
Мәселен, 10 Nodes креслосында киіз тас орындық қаңқаны тұтас бір бөлшек күйінде, тігіссіз, қаптамасыз көрпедей орап тұрады. Сондықтан ол берік, ажырап кететін жері жоқ. Дизайнердің жұмысы алдымен функционалдық тапсырмадан басталады. Егер ағаш ұстаханасы жоқ болса, қажетті элементтерді 3D-принтермен шығарады. Ал тігін цехы болмаса, өзін-өзі ұстайтын материал іздейді, ол – киіз. Осылай жасалған бұйымдардың саны бүгінде онға жетіп, өз алдына жаңа визуалды кодқа айналды.
Данияр Удербековтің тағы бір ерекше бұйымы – «Қой басы» үстелі. Үстелді жасау үшін ол арнайы Ұлттық музейге барып, сако-сармат археологиясын зерттеп, кейін Пушкин музейіндегі «Сарматтардың алтыны» көрмесіне барып қайтқан. Бұл үстел Бельгиядағы көрмеде көрсетілген. Көрмеде ол тек экзотика ретінде емес, далалық модернизмнің манифесті ретінде бағаланған бұйым ретінде сипатталады.
«Бұл жұмысты былтыр Еуропада, Брюссель қаласында (Бельгия) таныстырдым. Сол кезде байқағаным, адамдар үстелді алғаш көргенде қатты таңғалды. Себебі үстелдің астыңғы бөлігі – массивті, геометриялық, текше пішінді, қой басына ұқсас құрылым. Ол стилистикалық тұрғыда тарихи мұраға, дәстүрлі форма мен заманауи өңдеуге сүйеніп жасалған. Мен үшін дала модернизмі – бұл көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты ұғым. Ол ең алдымен минимализмді, табиғатпен үндестікті, мобильділікті білдіреді. Көшпелілер белгілі бір затқа қатты тәуелді болмаған. Ертеде біздің өмір салтымыз сондай еді. Бүгінде осындай қағидалар бүкіл әлемде өзекті болып отыр. Заманауилыққа бет бұрсақ та, табиғи материалдарды қолдануға ұмтылыс күшейіп, қалдықтарды мүмкіндігінше пайдаға асыруға тырысып жүрміз. Бұйымдарды жасауда өздігінен биоыдырайтын немесе табиғи материалдарды таңдаймын. Мысалы, табиғи тас, мәрмәр, гранит, кейде ағаш сияқты материалдар», – деді ол.
Жалпы, футуро-архаизм деген не? Ол қандай бұйымдар деген сұраққа кейіпкеріміз өткен мен болашақты тоғыстыратын көркемдік әрі дүниетанымдық ұғым, яғни болашақта көне дүниелерді пайдалану деп түсіндірді. Дизайнердің пайымдауынша, болашақта адамзат ежелден келе жатқан, ата-бабаларымыздан қалған материалдарға қайта оралады. Ағаш, саз балшық, өсімдік тектес материалдар және табиғи тас сияқты материалдар жұрттың қажетіне жарап, кеңінен қолданылатын болады. Бұл өз кезегінде құрылыста және бұйым жасауда металды немесе улы қоспаларды, мысалы ПВХ пластикті, ағаш жаңқалы тақта, ағаш талшықты тақта және басқа да синтетикалық материалдарды қолданбауға деген әрекетті білдіреді.
«Қазір де, болашақта да бұл табиғи материалдар органикалық ортада пайдаланылатын болады. Себебі заманауи материалмен жұмыс істеу энергияны өте көп қажет етеді. Елестетіп көріңіз, мысалы Мәскеуде жасалып, кейін тасымалданып жеткізілетін тұрмыстық бұйымға қыруар ақша төленеді. Мұндай жүйе ұтымсыз, өйткені тасымалдауға көп энергия жұмсалады, ал ол энергия қайта қалпына келмейтін ресурс. Сондықтан болашақта жергілікті, табиғи әрі энергияны үнемдейтін тәсілдер әлдеқайда ұтымды болады. Мен өз бағытымды осы көзқарасқа негіздеймін», – дейді Данияр Удербеков.
Кейіпкеріміздің шығармашылық жолы кез келген мамандықты игеруге алдымен кәсіби білімнің болуы керек деген түсінікке өзгеріс әкелгендей. Өйткені ол дизайнды 40 жасында таңдаған. Осы жасында оқуын оқып, сирек кездесетін кәсіпті дамытып келеді. Айтуынша, бұл салаға келмей тұрып, хард, софт скиллдерді де жетілдірумен айналысып, Қазақстанның халықаралық көрмелердегі павильондарын жасайтын компанияда тәжірибесін шыңдаған. Жапония, Корея, Қытай, Еуропа елдері дүниетанымын кеңейткенін мақтанышпен еске алады. Қазір көпшілік интерьер-дизайн үшін маманды іздеп әуре болмай, Pinterest қосымшасына жүгінеді. Дәл осы платформадағы суреттерге қарап жасалған дизайнердің попсалық үстелі қазір жеке қолтаңбасын қалыптастырыпты. Яғни, мұнда Данияр Удербековтің әртүрлі стильдегі футуро-архаикалық туындылары жұрттың әуесін оятып, үлгі ретінде пайдалануда.
Әңгіме барысында кейіпкерден басқа да бұйымдары туралы айтып беруін сұрадық. Солардың ішінде ең қызықты тербелмелі орындық бар. Оны жасау үшін Алматыға жақын тауда орналасқан өзен тасын қолданған. Бұл – табиғаттың өзі өңдеп, домалатып, жылдар бойы тегістеген тасы.
«Менің жобама дәл осындай пішіні дөңгеленген, сопақша қимасы бар тас қажет еді. Себебі тербелу, шайқалу қозғалысы пайда болуы үшін тастың формасы ерекше маңызға ие. Табиғи түрде қалыптасқан осындай «форш-тас» сол қозғалысты дәл беруге мүмкіндік берді. Бұл жобаның философиясы мен үшін өте маңызды. Жүздеген мың жыл бойы табиғаттың өз күшімен, өзен аңғарында қалыптасқан материалды сол күйінде пайдаландым. Яғни, бұл – адам мен табиғат арасындағы тікелей диалог.
Екінші жобам – Low Table деп аталатын қатты биік емес үстел. Оның беткі бөлігін қоңыр түсті кальциттен жасадым. Бұл – тегіс, дөңгелек пішінді тас тақта. Тастың сыртын киізбен орап, қошқармүйіздің пішініне келтірдім. Мұндай форма ерте заманда, ата-бабаларымыз қолданған көне үнді ағаш үстелдеріне тән болған. Мен сол дәстүрлі форманы сақтай отырып, үстелдің беткі бөлігін таспен жасадым, ал астыңғы тірек бөлігін металдан жасадым. Кейін оны көрмеге ұсындым. Көрмеге келген адамдар тек үстелдің формасына ғана емес, қолданылған тастың өзіне де ерекше назар аударды. Табиғи тас өзінің сұлулығымен, салмағымен және терең мағынасымен көрерменге әсер етті», – деп түсіндірді Д. Удербек.
Осылайша, шағын шеберханада әлемді таңғалдыратын бұйым жасаған шебер «Көшпелілер мәдениетінің мұрагері» болуды қалайды. Айтуынша, бұл тарихи қызығушылықтан басталады. Қазақстан аумағында өмір сүрген көне тайпалардың, сақтардың, ғұндардың, басқа да ежелгі көшпелі халықтардың тарихын, әсіресе Алматы өңірінде мекендеген қауымдарды зерттеу «мұрагер» болуға жетелейтін қадамдардың бірі саналады.
Дизайнердің туындыларының ішінде 3D-баспа технологиясын Орталық Азия халықтарының дәстүрлі аяқкиім эстетикасымен ұштастыратын UDRB модульді кроссовкалары да бар. Классикалық модельге балама ретінде жасалған бұл аяқкиім толықтай бөлшектелетін формада тігіліпті. Д. Удербековтің айтуынша, мұндай шешім әрбір элементті жеке ауыстыруға, жөндеуге және қайта өңдеуге мүмкіндік беріп, аяқкиімнің қызмет ету мерзімін ұзартып, оны экологиялық тұрғыдан тиімді етеді.
«Жобаны әзірлеу барысында жұмсақ табаны бар жеңіл былғары етіктер – мәсі мен ішіктің эстетикасына жүгініп, оны заманауи қолданысқа бейімдедім. UDRB үш негізгі бөліктен тұрады: термопластикалық полиуретаннан (TPU) 3D-принтерде басылған иілгіш табан, былғарыдан жасалған ішкі бөлік және Алматының таулы ландшафттарын еске салатын альпинистік арқаннан құралған баулау жүйесі. Қатты фурнитурадан айырмашылығы, арқан аяққа жұмсақ әрі жеңіл қонып, сонымен қатар сенімді бекітуді қамтамасыз етеді. Болашақта аяқкиімнің табанын жер бедері мен маусымға қарай ауыстыруға мүмкіндік туады. Дәл осындай жұмыстар қолөнер дәстүрлерін тереңірек енгізуге жол ашады, – деп сөзін түйді ол.
Үйдің интерьері үшін әдемі бұйымдарды таңдау жеткіліксіз. «Сырты бүтін, іші түтін» деген сөздің астарына үңілсек, алатын бұйымның қандай шикізаттан жасалатынын да ескерген жөн. Кейіпкеріміз жасаған бұйымдарды қазір көбіне Еуропа елдері тапсырыспен алдырады екен. Бұл бір жағынан қазақ қолөнеріне, қазақ маманына деген сұраныстың артып тұрғанының көрсеткіші. Табиғатқа зиян келтірмей, мәні мен мағынасы терең дүниелерге сұраныс артқан бүгінгі кезеңде мұндай жұмыстар эстетикалық құндылық емес, уақыттың да талабына айналып келеді.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ