Қыз алып қашу

Соңғы кезде әлеуметтік желіде қыз алып қашуға қатысты жаға ұстатар жаңалықтар саңырауқұлақша қаптап кетті.

Мақсат – оқиғаның қалай болғанын талдау емес. Былтыр Қылмыстық кодекске «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабы қосылса да, халықтың заңға селқос қарауының себебін анықтау. Қыршыннан қиылған ғұмыр мен арын таптатқан аруға араша бар ма? Осы сұрақтың жауабын АЛАҢ айдарында сарапшылардан сұрадық.  

– Жақында әлеуметтік желіде 17 жас­та­ғы қызды өз еркінсіз танымайтын адам­дар­­дың алып қашқаны жарияланды. Қыз кә­мелетке толмағанын, ата-анасының басқа қа­­лада екенін айтса да, жиналған үлкендер оны жібермей бір күн ұстаған. Жәбірленуші сол жерде зорлық көргенін де жасырмады. Жал­пы, қыз алып қашуды «дәстүр» деп ақ­тап алу қаншалықты дұрыс? 

Мұрат ӘБЕНОВ,

Мәжіліс депутаты,

«AMANAT» пар­­тиясы фракция­сының мүшесі: 

– Мен қыз  алып қашу мәсе­ле­сін он шақты жыл­дан бері кө­те­ріп келе жатыр­мын. 1956 жылы шық­­қан Қыл­мыс­тық кодексте Қа­зақ­­станда қыз алып қашуға қатысты ар­найы бап бар болатын. Кейін біз зайыр­лы, демократиялы мемлекет боламыз деп, «қыз алып қашу бізде жоқ» деп Қылмыстық ко­декстен егемендік алғаннан кейін алып тас­тадық. Соның салдарын қазір көріп жа­тырмыз. Осы уақытқа дейін соңғы 5 жыл­да қыз алып қашуға байланысты түс­кен 256 шағымның оны сотқа барып, бесеуі ға­на сотталған. Қалғанының бәрін босатып жі­берген. Неге? Қылмыстық кодексте 125-бап­та ғана «Адам ұрлау» бойынша қыл­мыс жазылған. Осы уақытқа дейін бәрі қыз алып қашуды «адам ұрлау» ісімен қа­рас­ты­рып келді. Бірақ адам ұрлау фактісі біреу­ді қорқытып, ақша талап ету кезінде не­месе кек алу үшін жасалатын қылмыс. Ал қыз алып қашудың себебі басқаша. Бі­реу­дің қызын зорлықпен алып қашып, әйелдікке алу. Ендеше, дәл осылай психикаға әсер ету басқа қылмыстың санатында қаралуға тиіс. Жоғарыда айтқан 125-баптағы Адам ұрлау қылмысының бір қосымшасы қыз алып қашқан қылмыскерлердің іс-әрекетін жоққа шығарады. Онда былай жазылған: «Егер адам өз еркімен ұрлаған адамды жі­бере салса, онда ол жауапқа тартыл­май­ды» дейді. Сонда қызды алып қашып, үйінде бірнеше күн ұстап, қорқытып, ұйымдасқан түрде қызбен келісім жасап, ата-анасына адам жібереді. Егер ұрлағандарға қыз көн­бесе, Шымкенттегі 17 жастағы қыздың оқи­ғасындай «өз еркіммен келдім» деп жаз­д­ырып, қол қойдырып алады. Қызды жі­бере салғаннан кейін, құқық қорғау ор­гандары да қылмыскерлерге ешқандай шара қолдана алмайды. Былтыр Прези­дент­тің қолдауымен Мәжіліс отырысында қыз алып қашуға байланысты жаңа заң жо­басы әзірленді. Жаңа заңға сәйкес, енді Қылмыстық кодекске «Некеге тұруға мәж­бүр­леу» бабы қосылып отыр. Ендігі жерде, қыз алып қашқандарға екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі, екі жылға дейін бас бостандығы шектеледі не сол уақытқа түрмеге отырады. Егер қыз алып қашу оқиғасында күш қолданылса, кә­ме­летке толмаған адамға қатысты болса, топ­­­­таса жасалса 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Алда-жал­да қыз алып қашу кезінде жәбірленуші абайсызда ауыр зардапқа ұшыраса, 5 жыл­дан 10 жылға дейін бас бостандығынан айы­рылады. Сонымен қатар Үкіметтің ұсы­нысы бойынша адамды ұрлаған тұлға оны өз еркімен босатса да, оның әрекетінде басқа қылмыс құрамы болмаса да, қыл­мыстық жауапкершіліктен босатылмайды. Міне, бұл өзгерістер заңға 2025 жылы ен­гі­зіл­ді. Бірақ жоғарыдағы оқиғада кінәлі Шым­кент қаласының полициясы. Олар бұған дейін 21 жаста қайтыс болған қызды ұр­лағандарға шара қолданбаған. Әке-ше­шесі арыз жазса да, ескерусіз қалдырған. Сон­дықтан Шымкенттің полициясы заң­ды то­лық жүзеге асырмай отыр деп айта ала­мын. 

Әлімжан ЖҰБАТҚАНОВ,

заңгер: 

– Мұндай әре­кет­ті ешқандай жағ­дайда «дәстүр» деп атауға болмай­ды. Дәстүр дегені­міз – екі тараптың да ерікті келісіміне негізделуі керек. Ал адамды күштеп алып кету, бостан­дығы­нан айыру, қысым көрсету – бұл қыл­мыс­тық құқықбұзушылық. Әсіресе, жәбір­лену­шінің кәмелетке толмағаны жағдайды одан әрі ауырлатады. Сонымен қатар бұл әре­кетке қатысқан үлкендер мен таныс­тар­дың рөлі де маңызды. Көбінесе жәбір­лену­шіні ұстап тұруға көмектескен адамдар не­месе «ұйғарғандар» қылмысты жеңіл­де­те­тін уәж бере алмайды. Заң бойынша адам­дар тобы болып жасалған әрекет ауыр­лататын жағдай болып саналады.

Қылмыстық заңнамада қыз алып қа­шуға қатысты нақты жауапкершіліктер бар. Атап айтсақ, 2025 жылы Қылмыстық ко­декс 125-1-баппен – «Некеге тұруға мәж­бүрлеу» толықтырылды. Бұл бап қыз алып қашуды нақты қылмыс ретінде бе­кіт­ті. Адамды күш қолдану, қорқыту не­ме­се бопсалау арқылы некеге мәжбүрлеу үшін жауапкершілік қарастырылған. Егер бұл әрекет күш қолдану арқылы, кәмелетке тол­маған адамға қатысты, не адамдар тобы не­месе алдын ала сөз байласу арқылы жа­сал­­са, заң бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көз­делген. Ал егер мұндай әрекеттер абай­сыз­да ауыр зардаптарға әкелсе, жәбір­лену­шінің денсаулығына ауыр зиян келтірілсе не­месе өлім жағдайы орын алса, жаза 5 жыл­дан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде күшейтіледі.

Егер алып қашу кезінде немесе одан кейін жыныстық зорлық жасалса, бұл жағдайда қылмыстар бөлек сараланады. Некеге мәжбүрлеу – бір қылмыс, ал жы­ныс­тық зорлық – Қылмыстық кодекстің 120-бабы – «Зорлау» бойынша қаралады. Зорлау үшін 5 жылдан 8 жылға дейін, ал кәмелетке толмаған адамға қатысты не­ме­се адамдар тобы болып жасалса, 12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Яғни, қыз алып қашу зорлықты ешқашан ақтамайды.

Әйгерім ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, 

заңгер, феминист: 

– Біз үнемі ай­тып жүретін және Қа­зақстан Респуб­ли­касының Конс­ти­туциясы­ның бі­рін­ші бабында ай­тыл­ғандай, Қа­зақ­стан – құқықтық мемлекет болғандықтан, кез келген әрекет құқықтық тұрғыда шек­­­­­телуі керек, шешілуі керек. Яғни, кез келген азаматтық-құқық­тық қарым-қатынастарда орын алатын әрекеттер – ол қыз алып қашу, қаржылық алаяқ­­тық, хорасмент, сексизм болсын – «ол мә­дениет еді», «дәстүр еді», «менталитет еді», «біздің тәрбиемізде бар еді» деген ақ­таусыз, тек қана заң мен тәртіп шегінде рет­телуі керек. Құқықтық мемлекеттің анық­­тамасы – осы. Қоғамның барлық са­ла­­сын­дағы кез келген қатынас шешілген кез­де, оның соңғы қаралатын инстанциясы – әжелердің, ата­лардың, ардың, ұяттың соты емес, заңның алдында құқықтық жауап­кершілік болуы керек.

1997 жылы Қазақстан Республика­сы­ның сол кездегі Қылмыстық кодексінен қыз алып қашу бабы алып тасталғаннан бе­рі кез келген азаматтық белсенді, адам құ­қықтары саласында жүрген мамандар осы мәселені айтып келе жатыр. Соның 2025 жылы заңға енгізілгеніне қуану керек пе, білмеймін. Әлбетте, алға басатын қа­дам. Алайда, егер 1997 жылы соны Қыл­мыс­тық кодекстен алып тастамағанда, мүм­кін мыңдаған қыздың тағдыры сынбас па еді?! 1997 жыл мен 2025 жылдың аралы­ғын­да «алып қашу» деген бөлек бап болма­ған­дықтан, Қазақстанда нақты қанша қыз­дың өзінің еркінен тыс күшпен ұрлан­ғанын, қанша қыздың отбасы содан кейін бүлінгенін біле алмаймыз. Оны ешбір эко­номист, ешбір статист есептеп бере ал­­майды.

Қазіргі Қылмыстық кодекстің 125-бабы «Адам ұрлау» деп аталады. Бірақ біз қыз алып қашудың Қырғызстандағыдай, Әзер­байжандағыдай бөлек бап болуын талап еткен болатынбыз. Дәл қазіргі өзгеріс бойынша бұл бап «Қыз алып қашу» емес, «Некеге тұруға мәжбүрлеу» деп аталады. Яғни, «қыз» деген сөз жоқ, адамның жы­ны­сы аталмайды. «Қыз алып қашу» деген баптың сипаттамасының болмауынан-ақ бұл жерде акцент «қыз алып қашуға» қойыл­ған деп айта алмаймын. Әлбетте, адам ұрлаудың және қыз алып қашудың объективті, субъективті құқықтық мо­тивтері әртүрлі болғандықтан, Қазақ­стан­да қыз алып қашу бойынша құқықтық статистика жүргізілмегендіктен және бұл заң қабылданғаннан кейін Қазақстанда қыз алып қашу мынанша пайызға азайды деп айта алмаймыз. Себебі Қазақстан Рес­публикасының құқықтық қарым-қа­ты­насын тек қана заң реттей алмағандықтан, кейбір өңірде ол әлі де дәстүр, мәдениет, тарих, «атадан қалған із», «әжеміз де солай отбасылы болған» деген сияқты ұғым­дар­мен ақталатындықтан, тек қана бір бапты енгізу арқылы мәселе шешіліп кетеді дей алмаймыз. Ол кешенді түрде әр тарапта жүр­гізілетін жұмыс.

– Былтыр Алматыда қыз алып қашып ба­ра жатқан көлік апатқа ұшырап, бойжет­кен қаза тапты. Сол уақыттарда Мәжілісте дәл осы мәселеге қатысты заң жобасы қа­ра­лып жатқан еді. Осылайша, Қылмыстық ко­декске «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабы қо­сылды. Оған дейін де алып қашу Қыл­мыс­тық кодексте адам ұрлау фактісі ретінде қара­лып жүрді. Тіпті қыз алып қашу көбіне сталкингтің шегіне жеткен, ең ауыр формасы екені де белгілі. Адамдар заңды білмей ме әл­де қорықпай ма? 

Мұрат ӘБЕНОВ:

– Қыз алып қашқандар 10 жылға дейін сот­талады деп шешім қабылдасақ та, қыз зор­лағандар бұдан аз 3-8 жылға қамалады не­­месе одан да кем. Сондықтан біз қыз зор­­ла­ғандарға да жауапкершілікті көтеруі­міз керек. Қыз ұрлауға қатысты заң өткен қыркүйекте ғана күшіне енді. Көбісі біл­меуі мүмкін. Сол себепті азаматтарға түсін­ді­ріп айтуымыз керек және бұл заңды орын­­дамаған құқық қорғау органдары-ның бас­шыларын жауапқа тартуымыз қажет. 

Қыз алып қашуды біз үш деңгейге бөл­дік. Қылмыс ашылмай қалмауға тиіс. Зерт­теп көргенімізде, қыз алып қашу алдында бір­неше қылмыстың басталатынын бай­қа­дық. Біріншісі, қылмыскер қыздарды әлеу­меттік желі арқылы аңдып бастайды. 2024 жылы осы бойынша Қылмыстық ко­дек­ске «Он алты жасқа толмаған адамдарға сек­суалдық сипатта тиісу» деп аталатын 121-1-бапты енгізуді ұсындым. Кәмелет жас­қа толмаған қыздарға түрлі сурет жібе­ріп, мәжбүрлеу мақсатындағы әңгімелер айтатындар көп. Бұл да қыз зорлаудың бас­тапқы белгілері. Бұл бапты Қылмыстық ко­декске кіргіздік, қазір жауапкершілікке тартылады. Бұл – бірінші деңгей. Одан кейін сталкинг басталады. Бұл – кәмелет жас­қа толған азаматшаны әлеуметтік желі арқылы бопсалап, артынан аңду. Шым­кент­тегі қайтыс болған 21 жастағы қыз әу бас­та осы сталкингке ұшыраған. Сон­дық­тан азаматшалар желіде, өмірде қандай да бір қысымға тап болса, бірден, ойланбай сталкинг бойынша шағымдануы керек. Әріп­тесім Абзал Құспан сталкингті зер­т­теп, шетелдік тәжірибемен салыстырып, Мә­жілісте ұсыныстар жасады. Осылайша, азаматтардың жеке бас бостандығын қорғау жөніндегі шараларды күшейту мақ­сатында және «Заң мен Тәртіп» тұжы­рым­да­масын іске асыру шеңберінде 2025 жыл­ғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы Қыл­мыстық кодекске 115-1 – «Сталкинг» жаңа бабы енгізілген заңға қол қойды. Сталкинг­ті дәлелдеу үшін, жәбірленуші кемі 5-6 рет қылмыскердің мазалағаны жайлы факті тір­кеуі және сол кездерде «мазаламауын ашық айтуы» керек. Сондай-ақ қылмыс­кер­дің зиян келтіруі де дәлелденеді. Мыса­лы, сталкинг жасаушының салдарынан бой­жеткен сабаққа бара алмай, сыртқа шы­ға алмай қалуы мүмкін. Сталкинг жа­сау­шыға полиция бастапқыда жазбаша ес­керту жасауы, екінші рет қайталаса қа­мауға алуы мүмкін. Бірақ осындай ұсақ қыл­мыстың соңы қыз зорлауға немесе алып қашуға ұласады. Сол себепті былтыр 125-1 бап, яғни «некеге тұруға мәжбүрлеу» қылмысы кодекске енгізілді. 

Әлімжан ЖҰБАТҚАНОВ:

– Қылмыстың алдын алу үшін жазаны күшейту жеткіліксіз. Бұл жерде басты мә­се­ле – құқықтық сауат. Мектептерде, кол­ледждерде, жоғары оқу орындарында не­кеге тұрудың құқықтық негіздері, ерікті ке­лісім ұғымы, жеке шекара және қыл­мыс­тық жауапкершілік туралы жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Жастар заңды біліп өссе, мұндай әрекеттерге барудан қор­­қады әрі оның салдары қандай бола­тынын түсінеді.

Сонымен қатар қыз алып қашу – қо­ғам­ға қауіпті қылмыс болғандықтан, мұн­дай істер бойынша тараптардың татула­суы­на немесе кешіріміне сүйеніп істі тоқ­тату қолданылмайды. Әсіресе, әңгіме кә­мелетке толмаған адамға қатысты, күш қол­дану арқылы немесе адамдар тобы бо­лып жасалған некеге мәжбүрлеу туралы бол­са, жәбірленушінің кейінгі кешірімі кінә­лілерді қылмыстық жауапкершіліктен бо­сатпайды.

Қыз алып қашу көбіне сталкингтен бас­талады.Тәжірибеде бұл жиі кездеседі. Қыз­ды аңду, артынан қалмау, қайта-қайта ма­залау, қысым көрсету – мұның бәрі стал­кинг белгілері. Осыған байланысты Қыл­мыстық кодекске 115-1-бап – «Стал­кинг» енгізілді. Бұл бап бойынша 200 ай­лық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар не­месе 50 тәулікке дейін қамаққа алу жаза­сы көзделген. Сталкинг белгілері байқалған сәттен бастап полицияға жүгіну ауыр қылмыстардың алдын алады.

Әйгерім ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ:

– 2025 жылы Қазақстан Республика­сы­ның Қылмыстық кодексі 125-1-баппен («Некеге тұруға мәжбүрлеу») толықты.  Алай­да заңнамада арнайы бап пайда болға­ны­мен, қыздарға қатысты қоғамдық көз­қа­рас пен жыныстық-гендерлік зорлықтың мә­дени қабылдануы өзгермей тұр. Қайтыс бол­ған 21 жастағы Нұрай сол құрбандардың бірі әрі өкініштісі де сол, соңғысы деп те айта алмаймыз. Белгілі психолог Альберт Бан­дураның әлеуметтік үйрену теориясы бойын­ша, адам мінез-құлқы тек тікелей тә­жірибе, жазалау немесе мадақ арқылы ғана емес, басқалардың әрекетін бақылау ар­қылы да қалыптасады. Бұл құбылыс ғы­лым­да бақылау арқылы үйрену (observational learning) деп аталады. 1961-1963 жылдары жүргізілген әйгілі Bobo Doll тәжірибесінде ба­ла­ларға ересек адамның агрессивті әре­кеті көрсетілді. Кейін балалар ойын бөлме­сіне жіберілгенде модельденген әрекетті сол күйінде қайталағаны, кейбірінің қо­сым­ша агрессия ойлап тапқаны байқалды.

Бұл тәжірибе зорлықты тек тікелей көру­дің өзі мінез-құлық моделін қалып­тас­тыратынын дәлелдеді. Бандура бұл құ­бы­лысты жалпылап, медиа тек ақпарат бер­мей, мінез-құлық үлгілерін ұсынады деп пайымдады. Егер агрессиялық әрекет жиі көрсетілсе, жазаланбаса немесе мара­патталса, онда ол қалыпты модель ретінде қабылдануы мүмкін.

Бүгінгі медиа алаңда бұл механизм мы­на­дай тізбекпен сипатталады. Яғни, зор­лықты көп көру эмоционалдық се­зім­тал­дық­ты төмендетеді (десенситизация), зор­­лықты әлеуметтік тұрғыда қалыптыға ай­нал­дырады (нормализация), мінез-құлық­ты меңгеруге жағдай жасайды (үйрену).

Гендерлік зорлық туралы контент көбі­не агрессорды әрекет етуші субъект, әйелді объект немесе құрбан ретінде бейнелейді. Бұл ұзақ мерзімде гендерлік нормаларды қай­та өндіруді күшейтеді. Сол үшін кез кел­ген зорлыққа қатысты бейнені не ақ­паратты бөлісуге асықпау керек. Зорлыққа қар­сы күрес тек заңға емес, санаға сүйенсе ға­на нәтиже береді.

– Статистикаға сүйенсек, соңғы бес жыл­да қыз алып қашу фактісі бойынша 256 ша­ғым түскен. Соның тек бесеуі ғана сотқа же­тіпті. Ендеше, қыз алып қашуды ұйым­дас­қан қылмыстық топ құрумен бірдей дең­гейде қатаң жазалау керек пе? 

Мұрат ӘБЕНОВ: 

– Жоғарыда айтқанымдай, қыз алып қаш­қандарды 10 жылға дейін бас бостан­ды­ғынан айырдық. Бірақ қыз алып қа­шу­мен бірге қызды зорлағандардың да жаза­сын ауырлатуымыз керек. Бұл мәселенің ес­керілмей қалғаны біздің кінәміз екенін мойындаймын. Қазір қыз зорлағандар 3-8 жыл арасында ғана сотталады. Бұл жерде қыл­мыскерлер қызды алып қашып, зор­лап, аз жауапкершілік арқалауға ұмтылуы мүм­кін. Сондықтан жақын арада Қыл­мыс­тық кодексте қыз зорлауды аса ауыр қыл­мыс деңгейіне жеткізу мәселесін ұсы­на­мын. Өкінішке қарай, құқық қорғау ор­ган­дары көп жағдайда қыз алып қашуды, зорлауды қылмыс деп санамайды. Көп адам­дар 125-1 бапты енгізген кезде «қыз алып қашу – дәстүр» деп қарсы болды. Бұ­рын қазақта ата-анасы тұрмысқа шы­ғуына келісім бермесе, қыз өзі жігітпен ке­лі­сіп қашатын. Басқа жағдайларда жігіт қыз­ды зорлап, өзіне әйел етсе, өлім жа­засына дейін кесілген. Екі әулет, екі ру сол үшін соғысуға дайын болған. Өйткені қа­зақта қыздың орны төрде болған. Ал қазір қыз­дардың құқығын отбасы ғана емес, мем­лекет те қолға алып қарап отыр. Ең көп қыз алып қашу оңтүстік облыстарда жиі кездеседі. Былтыр Түркістан облы­сын­да 13 қыз алып қашу тіркеліпті. Менің ойым­­ша, аймақтағы полиция қыз алып қашуға немқұрайды қарайды. Егер қызды топтасып алып қашатын болса, онда қылмыскерлер 8 жылға бас бостандығынан айы­рылады. Бұлардың ішіне – көлік жүр­гізу­ші, үйде күтіп алған апалар, жеңгелер бәрі кіруі керек. Ешқайсын аямауымыз қа­жет. Оның барлығы – қылмыскер. Шым­­кенттегі 17 жастағы қыздың оқи­ға­сында, оны жібермей әңгімеге тартқан әже­лерді де сотқа дейін 2 ай түрмеге қамап қою керек. Біреудің өсіріп отырған қызын жа­сы үлкен болса да сол әжелер басқа бөл­меге кіргізіп, зорлауға мүмкіндік берген. Алып қашқан жігіттің сыбайласы болған. Міне, осылай қатаң қарамасақ, қоғам өзгермейді. 

Әлімжан ЖҰБАТҚАНОВ:

– Қазіргі заңнама бойынша қыз алып қашу әрекеттері үшін жауап­кер­шілік жеткілікті деңгейде қа­таң­датылған. «Некеге тұруға мәж­бүрлеу» бабының екінші бө­лі­гінде адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы жасалған әрекеттер ауырлататын жағдай ретінде нақты көрсетілген және ол үшін 3 жылдан 7 жылға дейін, ал ауыр зардаптар болған жағдайда 5 жыл­дан 10 жылға дейін бас бостан­ды­ғынан айыру жазасы қарастырылған.

­Сондықтан мұны ұйымдасқан қыл­мыс­тық топ ретінде бөлек қарас­тыру­дың қа­жеті жоқ. Негізгі мәселе – құқықтық сауат­тылықтың төмендігі және заңның то­лық қолданылмауы. Көп адам қыз алып қа­шуды әлі де «дәстүр» деп қабылдайды. Се­бебі бұл заң тек 2025 жылы қабылданып, күшіне енді. Егер заң бұрыннан белгілі бол­са, мұндай әрекеттерге ешкім бармас еді. Қазір заңның толық жұмыс істеуі ар­қылы мұндай жағдайларды алдын алу мүм­кіндігі бар және алдағы уақытта қыз алып қашу оқиғалары азайып, қоғамда тоқ­тайды деп ойлаймын.

Әйгерім ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ: 

– Қыз алып қашуды қылмыс ретінде қа­растырған кезде құрбым Қалида Жо­лы­дова: «жолда жатқан әжейлерді де жауапқа тартайық» деп ұсынды. Негізі, қылмыстық бапта «топтасқан қылмыс» деген бұрыннан бар. Бірақ ол жерде әжелерді жауапқа тарт­пай­ды. Мен бұл жерде әжелерді кінәлаудан сәл аулақ болатын едім. Себебі, ол апалар­дың басқа көрген моделі жоқ. Өздері солай келді, өздері өз заманының құрбаны. Олар­ды екінші рет жазалайтын болсақ біз­дің әділеттігіміз қайда?

Қазір ақпараттық-мәдени жұмыстар жүр­гізілуі керек. Жарнамада болсын, те­леарнада болсын – кез келген жерде қыз алып қашу қылмыс екенін айта беру қажет. Бұрын ол атадан қалған дәстүрге баланып келді. Ол дұрыс емес. Ол туралы этнограф­тар да, тарихшылар да айтқан. Қыз бен жі­гіттің әке-шешесі үйленуге рұқсат бер­ме­ген кезде, бірге қашып кетуі – басқа мәселе.

Ал бізде Қазақстанда етек жайған дү­ние – танымайтын қызды өзінің еркінен тыс алып кетуі немесе сыртынан біліп жүр­­ген жігіттің әйел ету мақсатында қыз­ды күшпен алып кетуі. Қыздардың осыны біле тұра, өзін танымайтын, сүймейтін адам­дармен отбасы құрып кетуі, төзіп кетуі қоғамның үлкен дерті болды. Нелік­тен? Себебі бізде «қызға қырық үйден тыю», «қыздың жолы жіңішке» деген ма­қал­дарға қарап, біз қыздардың отбасылық өмірі, некесі зорлықпен басталуы қалыпты деп қабылдап келдік. 

Кез келген заң қоғамды бүгін-ертең өз­герте алмайды. Заң – өте конструктивті, өте консервативті жүйе. Яғни, заңның іске асуын, оны халықтың қабылдауын, оған бейімделуін анықтайтын мамандар: пси­хо­логтар, әлеуметтанушылар, антрополог­тар сынды бүкіл ғалымдар, азаматтық қо­ғам – барлығымыз бірге жұмыла жұмыс іс­теуіміз керек. Қыз алып қашудың қыл­мыс екенін, оның салдары жайлы көбірек айту, қыз алып қашу жайлы киноларды көр­сету арқылы, санамызда жылдар бойы қа­лыптасқан «ата-бабамызда қыз алып қа­шу дәстүрі болған» деген сөзді жоққа шы­ғаруға тура келеді. Бұл – қиынның қиы­ны.

Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН