Қарағанды облысының велошабандозы әлемдік деңгейдегі команда құрамына енді

Қазақстанның әр өңірінен шыққан велошабандоздар континенталдық XDS Astana Development Team командасымен келісімшартқа отырды. Олардың қатарында Қарағанды облысы Саран қаласының спортшысы Владислав Башлыков та бар. Бұл – спортшы үшін халықаралық аренада өзін танытуға берілген жаңа мүмкіндік.

Қазақстан велосипед спорты федерациясының мәліметінше, XDS Astana Development Team командасымен келісімшартқа қол қою – шабандоздардың кәсіби мансабындағы маңызды кезең әрі олардың жоғары халықаралық деңгейде өнер көрсетуге дайын екенін көрсетеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– XDS Astana Development Team командасымен келісімшартқа отыру – спортшылардың мансабындағы маңызды қадам. Жаңа маусымда велошабандоздар халықаралық жарыстарға қатысып, құнды бәсекелік тәжірибе жинақтап, XDS Astana Team жүйесінде кәсіби дамуын жалғастырады, – деп атап өтті Федерация өкілдері.

Қазіргі уақытта Владислав Башлыков Азия чемпионатына дайындық үстінде. Ол Испаниядағы оқу-жаттығу жиындарында жүр. Кәсіби келісімшартқа қол жеткізу – спортшының табанды еңбегі мен үздіксіз жаттығуларының нәтижесі.

XDS Astana Development Team командасының хабарлауынша, 2026 жылғы маусымдағы алғашқы жарыс ақпан айында өтетін «Тур Прованс» көпкүндігі болмақ.