Қазақстан мен АҚШ арасында тауар айналымы 110,2 миллион АҚШ долларына жетті

Қазақстан және АҚШ агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастық келешегін талқылады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы АҚШ Сауда өкілінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша орынбасары Оля Лутчинмен кездесті. Тараптар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен одан әрі дамыту мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ермек Кенжеханұлы АҚШ Қазақстан үшін маңызды сауда-экономикалық әріптес екенін атап өтті. Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тауар айналымы 110,2 млн АҚШ долларын құрады, бұл екіжақты сауданың тұрақты өсімін көрсетеді.

Вице-министр Қазақстанның әлемдік астық нарығындағы жетекші ойыншылардың бірі ретіндегі рөлін атап өтті. Еліміз әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы ондыққа кіреді және ұн экспорты бойынша екінші орынды иеленіп отыр. Қазақстан жыл сайын сыртқы нарықтарға 13-14 млн тонна астық өнімдерін жеткізеді. Астықты терең өңдеуді дамытуға ерекше назар аударылуда, оның экспорттық әлеуеті 1,6 млрд АҚШ долларына бағаланады.

Кездесу барысында мал шаруашылығын дамыту мәселесіне де айрықша көңіл бөлінді. Қазақстанда 180 млн гектардан астам жайылымдық жер бар және сиыр етін өндірудің қалыптасқан жүйесі жұмыс істейді. 2010-2024 жылдар аралығында АҚШ-тан шамамен 32,1 мың бас асылтұқымды мал импортталды, бұл отандық мал басының өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Қазақстан тарапы селекция және генетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.

Сондай-ақ тараптар инвестициялық өзара іс-қимылды талқылады. Қазіргі таңда Қазақстанда PepsiCo және Mars америкалық компанияларының қатысуымен бірқатар жоба  жүзеге асырылуда. Сонымен қатар астықты терең өңдеу саласын қоса алғанда, бірлескен жаңа бастамаларды іске қосуға дайын екені айтылды.

Кездесу соңында Ермек Кенжеханұлы Қазақстан АҚШ-пен сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті кеңейтуге ашық екенін алға тарта келіп, алдағы уақытта сындарлы диалогтың жалғасатынына сенім білдірді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.