Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Алдағы Парламенттік реформа осы өзгерістердің өзегі болатыны анық. Бұл туралы Президент Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл аса маңызды мәселе қоғамда кеңінен талқыланды. Мен былтыр 8 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойдым. Оның құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.
Елдік іске бейжай қарамайтын басқа да азаматтарымыздың бұл талқылауға қатысуы өте маңызды. Сондықтан e-Otinish платформасы мен eGov порталында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Азаматтарымыз осы мәселеге қатысты өздерінің ой-пікірін білдіріп, ұсыныстарын жолдады.
Жұмыс тобы келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, зерделеп, парламенттік реформаны барлық жағынан қарастырды, өте маңызды жұмыс атқарды. Бұл бағыттағы шаруаның бәрін өзім тікелей бақылауда ұстадым.
Былтыр қазан айының ортасында Жұмыс тобының алғашқы отырысын өткіздім. Желтоқсанның 2-сі және 29-ы күндері тағы екі жиын болды. Жаңа жылдан бері Жұмыс тобының мүшелері 3 рет бас қосты. Соңғы отырыс күні кеше ғана Құрылтай қарсаңында өтті. Бір сөзбен, конституциялық реформа туралы қызу талқылаулар жарты жылға жуық уақыт бойы жүріп жатыр.
Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым.
Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, жұмыс тобы барысында Парламенттегі депутаттар санын 500-ге дейін көбейту ұсынылған.
«Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде, тиімді әрі кәсіби Парламент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәселе – санда емес, сапада!
Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс! Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек», – деді Тоқаев.