Қазақстандық стендап-комик Анар Бекет әлеуметтік желіде видео жариялап, балалық шағында сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын ашық айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол ерте жаста болған мұндай психологиялық жарақаттардың адамның кейінгі өміріне қалай ықпал ететінін көтерді.
А.Бекеттің айтуынша, ол 90-жылдары Павлодарда қарапайым отбасында өскен. Ата-анасы күнкөріс қамымен көп жұмыс істегендіктен, оны жиі әкесінің ата-анасының, яғни әжесі мен атасының үйіне қалдыратын болған. Сол күндердің бірінде, ересектер шаруамен сыртқа кеткен сәтте, "осындай" жағдай болған. Ол кезде Анар 5 жаста болған, ал оны зорлаған – сол үйде бірге қалған 17 жастағы туған ағасы.
«5 жасымда мені туған ағам зорлады. Менің атым – Анар, бұл ойдан шығарылған емес, шынайы өмірде болған оқиға. Мен Павлодарда, қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем электрик болып жұмыс істеді, анам – үй шаруасында болды. Ол – 90-жылдар еді. Ата-анам бізді асырау үшін барын салды, сол себепті мені жиі әкемнің ата-анасына қалдыратын», – деп бөлісті Анар Бекет.
Бейнежазбаның соңында Анар ата-аналарға үндеу жасап, балалардың мінез-құлқындағы кез келген өзгеріске бейжай қарамауға, оларды мұқият тыңдап, қорғау қажеттігін атап өтті.