Дүйсенбай Тұрғанов: Ұлттық құрылтай — әрбір талқылау нақты шешімге айналатын институт

Айта кетейік, бүгін Қызылордада Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, елдегі түйткілді мәселелерді талқыға салған болатын.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Ұлттық құрылтай қоғамдық және мемлекеттік диалогтың жаңа формасына айналғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутаттың айтуынша, өткен төрт құрылтайдың бірде-бірі жай идея деңгейінде қалмаған. 

– Ұлттық құрылтай қоғамдық және мемлекеттік диалогтың жаңа формасына айналды. Мұнда кез келген талқылау міндетті түрде нақты іс-қимылмен аяқталады. Ең бастысы,  өткен төрт құрылтайдың бірде-бірі жай идея деңгейінде қалған жоқ: олардың әрқайсысы заңдарда, Жарлықтарда және мемлекеттік бағдарламаларда айқын көрініс тапқан нақты нәтижелер берді. Бүгінде бұл көрсеткіштермен дәлелденіп отыр. 26 заң қабылданды, ондаған нормативтік құқықтық актілер, тұжырымдамалар мен кешенді жоспарлар бекітілді, сондай-ақ тағы 10 заң жобасы әзірлеу сатысында.

Мәселен, алғашқы құрылтай идеялық әрі құндылықтық негізді қалыптастырды. Оның басты нәтижесі — 25 қазанда аталып өтетін Республика күніне ұлттық мереке мәртебесінің берілуі. Бұл шешім тәуелсіздіктің базалық құндылық ретіндегі маңызын қоғамдық санада қайта орнықтырып, кейінгі реформалар күн тәртібінің тірек нүктесіне айналды, – деді Дүйсенбай Тұрғанов.

Оның айтуынша, Түркістанда өткен II Құрылтай гуманитарлық және әлеуметтік бағытқа арналды. Қабылданған шешімдер жүйелі заңдар түрінде іске асқанын тізбектеп берді. Атап айтсақ,  «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң қабылданды. «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайта жаңғыртылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен кинематография туралы заңнама өзгерді.  «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылданып, вейптер мен темекі шекпейтін темекі өнімдеріне тыйым салынды. Ономастика жұмысы ретке келтірілді, ойын бизнесі мен лотерея салалары заңнамалық тұрғыда реттелді. Осылайша, құрылтай шешімдері мәдениетке, білімге, ақпараттық ортаға және еңбек саласына тікелей әсер еткенін жеткізді.

– Үшінші құрылтай «Заң және Тәртіп» қағидатын күшейту кезеңі болды. Атап айтқанда, вандализм мен табиғи нысандарға қолсұғушылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды, заңсыз археологиялық қазбаларға бақылау мен жауапкершілік енгізілді.  Есірткі қылмысы бойынша жауапкершілік сараланып, тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Балалардың құқықтарын қорғау едәуір күшейтілді. Сондай-ақ  «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жаңартылып, креативті индустрияны қолдауға арналған шаралар пакеті қабылданды. Оған қоса, өңірлік рәміздердің бірыңғай стандарты бекітілді. Бұл шешімдер қауіпсіздікке, әділеттілікке және адам қадір-қасиетін қорғауға деген қоғамдық сұранысқа жауап болды, – дейді депутат. 

Сонымен қатар Дүйсенбай Тұрғанов Бурабайда өткен IV Құрылтай жаңа тәуекелдерді реттеуге және қоғамдық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған дейді. «Қоғамдық орындарда бет-әлпетті бүркейтін киім киюге әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Құқыққа қайшы контентті, соның ішінде ұлт араздыған қоздыратын материалдарды таратқаны үшін жауапкершілік күшейтіліп, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шаралары кеңейтілді. Соған сай  қамқоршылық органдарының жұмысы нығайтылды", – деді ол.

Депутаттың айтуынша, Құрылтай нәтижелері заңдармен ғана емес, Президенттің Жарлықтарымен, ұлттық тұжырымдамалар мен бағдарламалармен де бекітілді. Олардың қатарында: 2025-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының өңірлік даму тұжырымдамасы, 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар, «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы, есірткі бизнесі мен лудоманияға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар, еңбек, мәдениет, тіл саясаты, ғылым және спортты қолдау бағдарламалары бар.

– Практикалық тұрғыда бұл – аудандарды қалпына келтіру, өңірлерді газдандыру, жаңа тұрғын үй бағдарламаларын іске қосу, ғылым қалашықтарын дамыту, еңбек адамын қолдау, оқуды насихаттау, мәдени мұраны қорғау және әлеуметтік әділеттілікті нығайту деген сөз. Сондықтан Ұлттық құрылтай – әрбір талқылау нақты шешімге айналатын институт. Төрт құрылтай — дамудың төрт кезеңі. Құндылықтар. Заңдар. Бағдарламалар. Ел өміріндегі нақты өзгерістер. Бүгінде Әділетті Қазақстан қағидаттары дәл осылай іс жүзінде жүзеге асуда, – деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов.