Ұласбек Сәдібеков: Құрылтайдағы бастамалар әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтіп, сапасын жақсартуға бағытталады

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сай орнықты саяси жүйе қалыптастыру көзделіп отыр.

Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібековтің айтуынша, Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының алдағы кезеңіне қатысты бірқатар стратегиялық бағыттарды айқындап берді,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мемлекет басшысы білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салынатынын атап өтті. Президенттің айтуынша, адам капиталының сапасын арттыру – тарихи, бетбұрысты кезеңде ел болашағына тікелей әсер ететін аса маңызды міндет. Президент бұл бастамалардың құр ұран мен пиар-акция деңгейінде қалмауы керектігін ескертіп, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстарға басымдық берілуі тиіс екенін жеткізді. Цифрландыру мен жасанды интеллект жылын жариялау сән қуалау емес, бүкіл мемлекеттік аппаратқа жүктелген стратегиялық міндет екенін сөз етті. Бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігі шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға нақты ықпал етуі қажет.

Сондай-ақ Президент Конституцияның заман талабына сай болуы керектігін атап өтіп, еліміздің зайырлы мемлекет ретіндегі қағидаттарын сақтап, күшейте түсу қажеттігін айтты. ХХІ ғасырда цифрландыру үдерісі адамның күнделікті өміріне, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер етіп отырғанын ескере отырып, Ата заңда цифрландырудың институционалдық-құқықтық негізін және азаматтардың дербес цифрлық деректерінің заңмен қорғалатынын нақты көрсету маңызды екенін атап өтті. Жарты жыл бойы өткен қоғамдық пікірталастар мен талқылаулар барысында халықтан келіп түскен ұсыныстар жан-жақты сараланып, конституциялық реформаның жалпы сұлбасы қалыптасқаны айтылды.

Ұлттық құрылтайда Парламент қызметін жаңғырту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президент жаңа Парламентте депутаттарды бес жыл мерзімге сайлау және заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын тәртібін енгізу ұсынылып отырғанын жеткізді. Бұл өзгерістер осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды жалғастырып, мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтуға бағытталған. Нәтижесінде, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сай орнықты саяси жүйе қалыптастыру көзделіп отыр.

Депутаттарды сайлау тәртібіне қатысты да нақты ұстаным білдірілді. Парламент депутаттары пропорционалды жүйе қағидатымен сайланатын болады, бұл саяси партиялардың институционалдық рөлін арттырып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Ал өңірлерде жергілікті тұрғындардың пікірі мен дауысы естілуі үшін мажоритарлық жүйені сақтау қажет екені айтылды. Сонымен бірге Президент квотасын және Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасын алып тастау туралы шешім жарияланды.

Мемлекет басшысы алдағы уақытта жаңадан құрылатын бір палаталы Парламентке «Құрылтай» атауын беру орынды деп санайтынын жеткізді.

Бұл атау ұлттық мемлекеттілік дәстүрінің сабақтастығын айқындап, билік пен халық арасындағы байланысты күшейте түсері анық.

Мемлекет басшысы мұндай қадам заң шығарушы биліктің беделін арттырып қана қоймай, қоғамдағы ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Бұл бастамалардың барлығы әділетті қоғам құруға, ел әлеуетін арттыруға және әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтіп, сапасын жақсартуға бағытталатын болады.