Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген мәселесін қуаттап, іске асырылатын бірқатар құрылымдық саяси реформалары жайлы пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
– Бүгін Қызылордада Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтіп, онда елдің алдағы даму бағдары айқындалды. Яғни, ел басқару жүйесін тиімді, ашық және жауапты ету мақсатында бірқатар құрылымдық саяси реформалар іске асатын болады.
Бірінші – Парламент реформасы. Екі палаталы жүйеден бас тартып, елде бір палаталы Парламент – Құрылтай жасақталады. Онда 145 депутат болады, олардың барлығы партиялық тізім бойынша сайланады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Бұл – елдің заң шығару процесін ықшамдап, шешім қабылдауды жеделдетуге бағытталған нақты қадам.
Екінші – қоғамдық диалогты күшейту. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай қызметін аяқтап, олардың орнына Халық кеңесі құрылады. Кеңес жылына бір рет жиналып, халық пен билік арасындағы сенімді көпір болмақ.
Үшінші – биліктің сабақтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету. Елде жаңа лауазым – вице-президент пайда болады, ол тікелей Президенттің тағайындауымен жұмыс істейді. Ал мемлекеттік кеңесші институты жойылады, бұл басқаруды ықшамдап, шешім қабылдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Төртінші – президенттік сайлау тәртібі нақтылайды. Егер Президент мерзімінен бұрын қызметінен кетсе, екі ай ішінде кезектен тыс сайлау өткізу міндеттеледі. Бұл – елдегі саяси тұрақтылық пен заңдылықты қамтамасыз ететін маңызды норма.
Біздіңше, бұл өзгерістер тек формалды құрылым емес. Олар – еліміздің дамуы мен демократиялық институттарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта Парламент реформасы мен Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша референдум өткізіледі. Осыған баршамыз белсенді қатысып, елдік істерге үлес қосуымыз керек, – дейді Данабек Исабек.