Атыраудағы жоғалған отбасы: іздеу жұмысы әлі тоқтаған жоқ

Бұл жөнінде өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпараттарға қатысты түсініктеме берді.

Атырау облысы Қызылқоға ауданының  Жангелдин ауылында із-түзсіз жоғалған азаматтарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл жөнінде өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпараттарға қатысты түсініктеме берді.

ТЖД өкілдерінің айтуынша, іздестіру мүлдем тоқтатылған жоқ. Құзырлы органдар алдын ала айқындаған жекелеген аумақтарда ғана іздеу жұмыстары аяқталған. Қосымша дерек немесе жаңа мәлімет түскен жағдайда, іздестіру қайта басталады.

Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары Ратбек Демеуберген жеке құрамның қазіргі уақытта толық дайындық режимінде отырғанын мәлімдеді.

«Іздестіру жұмыстары тоқтаған жоқ. Полиция департаментінен түскен ақпаратқа сәйкес нақты аумақтарда іздеу жүргізіліп, ол жерлер толық тексерілді. Егер жаңа мәліметтер пайда болса, тиісті шаралар қабылданады. Сондықтан “іздеу тоқтатылды” деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деді ол.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 3-6 қаңтар аралығында Жангелдин ауылындағы жоғалғандардың тұрғын үйі, елді мекен аумағы және су көздері толық тексерілген. Сонымен қатар іздестіру жұмыстарына қызметтік иттер де тартылған.

Еске сала кетейік, Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түзсіз жоғалған болатын. Кейін 66 және 62 жастағы ерлі-зайыптылардың мәйіті табылды. Ал олардың балалары — Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалина әлі күнге дейін табылған жоқ.

 

Аталған дерек бойынша күдікті ретінде үйдің күйеубаласы Сұлтан Сәрсемалиевке халықаралық іздеу жарияланған. Сондай-ақ жоғалған отбасының кенже қызы Ақбаян да халықаралық деңгейде іздестіріліп жатыр.