"Қасақана зақым келтірген": "Сергек" камерасына оқ атқан жігіт жауапқа тартылды

Сотта құқық бұзушы өзінің кінәсін толық мойындады.

Жамбыл облысы Байзақ ауданында жергілікті тұрғын "Сергек" камерасына оқ атқан. Сол үшін жамбылдық жігіт жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Байзақ аудандық соты бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша М.-ға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қарады.  Сот 2025 жылдың желтоқсанында азамат М.-ның "Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ" тасжолында пневматикалық мылтықпен оқ атып, "Сергек" бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу камерасына қасақана зақым келтіргенін анықтаған. Келтірілген залал  ішінара өтелді дегенімен, жәбірленуші тарап залалдың толық көлемде өтелмегенін көрсеткен. 

"М.-нің кінәсі хаттамамен, полицияның хабарламасымен, жәбірленушінің жазбаша арызымен және құқық бұзушының айғақтарымен дәлелденді. Сот кінәні мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. ӘҚБтК-нің  147-1-бабы 1-бөлігінің санкциясы 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды не 5 тәуліктен 20 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді", – деп жазылған Жамбыл облыстық сотының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Сот қаулысымен М. ӘҚБтК-нің 147-1-бабы  1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 196 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалған. Қаулы заңды күшіне енген.