Әрбір министр мен әкімнен көзге көрінетіндей нақты нәтижелер керек — Олжас Бектенов

Қазақстанның заманауи сын-тегеуріндерге қарсы тұруына кепілдік беретін аса маңызды идеологиялық тұжырымдар айқындалды.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған дейін жариялаған ауқымды саяси реформаларының жалғасы болған бастамалар көтерілгенін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Премьер-Министрдің айтуынша,  Президенттің Ұлттық құрылтайдағы тапсырмалары бойынша, әрбір министр мен әкімнің, әрбір сала мен өңірдің көзге көрінетіндей  іс жүзіндегі нәтижелері қажет. 

– Кешегі өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев бұған дейінгі ауқымды саяси реформаларының жалғасы болып саналатын бастамаларын жария етті. Парламент пен қоғамдық институттардың рөлін күшейту туралы ұсыныстар саяси жүйемен қатар, азаматтарымыздың мәдениетіне де демократиялық қағидаттарды біржолата орнықтыру процесі жүріп жатқанын білдіреді.

Қазақстанның заманауи сын-тегеуріндерге қарсы тұруына кепілдік беретін аса маңызды идеологиялық тұжырымдар айқындалды. Бұлар – қоғамды ұйыстыру, отаншылдық, әділдік және "Заң мен Тәртіп" қағидаттарына деген мызғымас ұстаным. Ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналған "Таза Қазақстан" да негізгі құндылықтардың қатарында тұр, – деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының алға қойған еліміздің одан әрі экономикалық дамуына қатысты негізгі міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыру қажеттігіне назар аударылды.

– Мемлекет басшысы әрбір жауапты лауазымды тұлғаға батыл әрі тосын инновациялық шешімдер қабылдау қажеттігі туралы қатаң талаптар қойды. Бұл өмірдің барлық саласына қатысты. Әрбір министр мен әкімнен, әрбір сала мен өңірде көзге көрінетіндей нақты нәтижелер керек, –  деді Олжас Бектенов.