Шымкентте жол үстіндегі жанжал жаппай төбелеске ұласып, соңы адам өлімімен аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қайғылы оқиға Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрған Hyundai Sonata көлігінің артқы бамперіне Toyota Camry жеңіл соққы жасаған. Осыдан кейін Toyota көлігінен үш ер адам түсіп, жанжал басталған. Көп ұзамай оқиға орнына Lexus LX-570 көлігі келіп тоқтап, одан шыққан төрт ер адам Hyundai жүргізушісі Нұрмахан Ешанқұловқа және оның жолаушылары Мақсат Көшкенбаев пен Василий Колесниковке шабуыл жасаған.
Төбелес барысында Мақсат Көшкенбаев мойнынан пышақ жарақатын алып, №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Ал Нұрмахан Ешанқұлов соққыға жығылғанымен, ауыр жарақат алмаған. Василий Колесниковты белгісіз адамдар күшпен Toyota Camry көлігіне отырғызып, оқиға орнынан алып кеткен.
Қанды оқиғаға ондаған жүргізуші куә болғанымен, ешкім араша түспеген. Кейбір куәгерлер тек болған жайтты видеоға түсіріп алған. Кейін полиция екі көлікті де анықтағанымен, күдіктілердің оларды тастап кеткені белгілі болды.
Бейнебақылау камералары арқылы Колесниковтың кейін ВАЗ-2114 көлігіне отырғызылып, Түркістан облысының Ордабасы ауданы бағытына алып кеткені анықталды. Алайда күдіктілер сол сәтте қолға түспеген.
Шамамен екі сағаттан кейін Ордабасы ауданының Темірлановка ауылында, орталық аудандық аурухананың маңынан Василий Колесниковтың денесі ауыр жарақаттармен табылды.
Марқұмның танымал күрес жаттықтырушысы Александр Колесниковтың ұлы екені белгілі болды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол қайғылы оқиғадан бір күн бұрын марқұм болған әйелінің жылын өткізген.
Сондай-ақ жәбірленуші Мақсат Көшкенбаевтың қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Бірақ бұл дерек әзірге ресми түрде расталған жоқ. Полиция мәліметінше, оқиғаға қатысы бар бес күдіктіге іздеу жарияланған.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрайдың өліміне байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шымкент қалалық полициясында екі полковникті қызметінен босатқан болатын. Қазіргі таңда басшылық құрамда кадрлық ауыс-түйіс жүріп жатқан тұста бұл қылмыс орын алды. Енді істі Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Арман Бейсенбаев жеке бақылауына алған.