Қазақстанда әуе отыны бағасының төмендеуіне байланысты әуе билеттері арзандайды

Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.

Билік елдің транзиттік әлеуетін арттыру және авиакомпаниялар үшін ұшуды тиімді ету мақсатында әуежайлардағы авиакеросин бағасын кезең-кезеңімен төмендетіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, ұшу құнының 40 пайызы әуе отынына тиесілі. Бұған дейін Қазақстан әуежайларында авиакеросин бағасы 1200–1300 АҚШ доллары деңгейінде болса, тапсырма берілгеннен кейін Энергетика министрлігі бағаны 940 долларға дейін түсірген. Алдағы уақытта оны тағы 100 долларға арзандату жоспарланып отыр.

«Отын бағасы төмендесе, әуе билеттері де арзандайды, логистика құны қысқарады және жаңа авиакомпаниялар тартылады. Бұл – әуе экономикасының ең маңызды факторларының бірі», – деді Нұрлан Сауранбаев.

Ал Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Президент тапсырмасына сәйкес авиаотынның ұшаққа дайын күйдегі бағасы тоннасына 1200 доллардан 940 долларға дейін төмендетілгенін, алдағы уақытта 890 долларға дейін арзандату көзделіп отырғанын айтты.

Министрдің сөзінше, бұл шаралар отандық әуежайлардың бәсекеге қабілетін арттырып, Air Atlanta, Hungary Airlines, One Air сияқты халықаралық авиакомпаниялардың рейстер санын көбейтуге мүмкіндік берген.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында әуе тарифтері мен авиакеросин бағасының жоғары екенін сынға алып, Үкіметке бұл мәселені түбегейлі шешуді тапсырған болатын.