Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға көмір саласын жаңғырту туралы депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда коммуналдық және энергетикалық салалардың қазіргі жай-күйіне өте нақты баға берді. Президент жылдар бойы қордаланған және ай сайын ушығып бара жатқан жүйелі проблемаларды тек экономикалық жоспарларға ғана емес, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне де тікелей қатер төндіретін «коммуналдық айдаһарға» теңеді.
– Президент атап өткендей, қазіргі электр энергиясын өндіру көлемі – 123 млрд киловатт-сағат – ел үшін шекті деңгейге, ал кейбір аспектілерде қауіпті деңгейге жетті. Біз цифрландыруды жеделдетуді, жасанды интеллектіні дамытуды және деректерді өңдеу орталықтарын салуды стратегиялық мақсаттар ретінде айқындадық. Алайда, қазіргі заманғы дата-орталықтардың энергия тұтыну деңгейі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен тең екенін ескермесек, бұл міндеттерді іске асыру мүмкін емес. Жаңа генерация көздері іске қосылмайынша, цифрлық трансформация бойынша ауқымды жоспарлардың нақты нәтиже бермеу қаупі бар.
Бүгінде Қазақстанның бай ресурстық әлеуетіне қарамастан, энергетикалық жүйеміздің беріктік қоры ең төменгі шекке жетті, яғни ел іс жүзінде «энергетикалық тығырыққа» тірелді. Бұл ескірген технологиялармен жұмыс істейтін энергетикалық нысандар мен инфрақұрылымның әбден тозуына және заманауи шешімдерді қолдана отырып, уақтылы жаңғыртылмауына байланысты.
Мысалы, мұнай-газ секторын есептемегенде, еліміздегі көмір қоры 33 млрд тоннаға бағаланады, бұл тиімді пайдаланған жағдайда үш ғасырға жетеді. Көршілеріміз көмір отынымен жұмыс істейтін экологиялық таза әрі икемді генерацияны игеріп үлгерді. Ал біз әлі күнге дейін зиянды әрі тиімсіз ескі технологияларды жамап-жасқап ұстап отыруға мәжбүрміз, - деді Еділ Жаңбыршин.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы көмір генерациясын дамытуды Ұлттық жоба деңгейіне шығару туралы нақты тапсырма берді. Депутат бұл ретте экологиялық тұрғыдан тиімсіз технологияларға қайта оралу емес, тиімділігі жоғары және қоршаған ортаға түсетін салмағы минималды жаңа буын электр станцияларын салу маңызды екенін атап өтті.
– Экономиканы сенімді әрі тұрақты энергиямен қамтамасыз етпейінше, индустрияландыру нақты мазмұнынан айырылады, ал цифрландыру тек декларация күйінде қалу қаупі бар.
Қазіргі кезеңнің ең өзекті мәселелерінің бірі – стратегиялық маңызы бар энергетикалық жобалардың көп жылдар бойы қағаз жүзінде қалып, іс жүзінде жүзеге аспауы. Бұны жай ғана басқарушылық кешігу емес, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететін фактор ретінде қарастыру керек. Қоғам жадында сақталған бірқатар оқиғалар бұл мәселенің қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетеді.
2022 жылдың қысында Екібастұз қаласында жылу беру жүйесінде ірі апаттар болды. Дәл сол кезеңде Риддер қаласында да осындай жағдай қайталанды. Бұл деректер бұл жерде кездейсоқ оқиғалар емес, жылдар бойы жинақталған жүйелі проблемалардың көрінісі екенін дәлелдейді.
Өкінішке қарай, бүгінде мұндай алаңдатарлық белгілер әртүрлі аймақтарда қайталануда. Биылғы жылыту маусымында Ақтау және Теміртау қалаларында жылумен қамту мәселелері тіркелді. Әрбір осындай жағдай «коммуналдық айдаһардың» әлі де болса толық ауыздықталмағанын көрсетеді, - деп атап өтті депутат.
Осы ретте Еділ Жаңбыршин Роман Склярдан Мемлекет басшысы белгілеген 20 наурызға дейінгі мерзімді ескере отырып, мына мәселелер бойынша нақты әрі толық ақпарат беруді сұрады:
Бірінші. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу-электр орталықтарының құрылысы осы уақытқа дейін қандай себептермен басталмаған?
Екінші. Екібастұздағы ГРЭС-2-ні кеңейту жобасының қазіргі мәртебесі қандай және ГРЭС-3 құрылысын бастау қашан жоспарланған?
Үшінші. Курчатов қаласындағы электр станциясын уақтылы пайдалануға беру үшін қандай нақты шаралар қабылдануда?
Төртінші. Экологиялық жүктемені азайту үшін Ұлттық жоба аясында көмір генерациясының қандай заманауи технологияларын енгізу жоспарлануда?
Бесінші. Мемлекет басшысы газ генерациясын дамытуды және гидроэнергетиканың игерілмеген әлеуетін тиімді пайдалануды энергия жүйесін теңгерімдеу, жүктеме ауытқуларын өтеу және жаңартылатын энергия көздерін интеграциялау құралы ретінде қарастыру қажеттігін ерекше атап өтті. Үкіметтің осы бағыттарды дамыту бойынша қандай нақты жоспарлары бар?
– Жалпы айтқанда, азаматтар мемлекеттің тиімділігін стратегиялық бағдарламалар мен есептерге қарап емес, өз үйлеріндегі тұрақты жылу мен жарыққа қарап бағалайтынын атап өткен жөн. Энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бұдан былай кезек күттірмейді, - деді депутат.