Алматыда 9-сынып оқушысы оқыс жағдайда қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады

Жазба астындағы пікірлерде кейбір қолданушылар оқушының қайтыс болғанын жазған.

Әлеуметтік желіде Қаскелең қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепке жедел жәрдем шақырылып, оқыс оқиға болғаны туралы ақпарат тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жазба астындағы пікірлерде кейбір қолданушылар оқушының қайтыс болғанын жазған. 

Аталған дерек бойынша тиісті тексеру және тергеу жұмыстары басталды.

Қарасай ауданының білім бөлімі оқиғаға қатысты ақпаратты растады. Алдын ала мәліметке сәйкес, таңертең бірінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде 9-сыныпта оқитын 15 жастағы оқушының жағдайы күрт нашарлаған. Осыған байланысты мектеп әкімшілігі жедел жәрдем бригадасын шақырған.

«Жедел жәрдем бригадасы көрсеткен барлық реанимациялық және медициналық көмектерге қарамастан, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Бұл – отбасы, жақындары және бүкіл мектеп ұжымы үшін орны толмас ауыр қайғы. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша уәкілетті органдар тексеру және тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысы шыққан соң қосымша ақпарат ұсынылады», – делінген ресми мәлімдемеде.