Атыраудағы төбелес: түнгі клубқа келгендер ерегесіп, бір адамды аямай соққыға жықты

Аталған факті бойынша «Бұзақылық» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Әлеуметтік желіде Атырау қаласындағы түнгі барлардың бірінде ер адамды соққыға жыққан сәт түсірілген бейнежазба тарап кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға Zillon түнгі бары мекемесінде болған. Куәгерлердің айтуынша, жанжал дәретханада басталып, екі ер адам бір азаматқа шабуыл жасаған. Олардың біреуі жәбірленушіге аса қатыгездік танытқан.

Зардап шеккен адамның қазіргі жағдайы әзірге белгісіз. Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі оқиғаға қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.

Аталған деректі Атырау облыстық Полиция департаменті растады. Ведомство мәліметінше, сол күні «102» пультіне төбелес туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел түрде полиция қызметкерлері жіберілген.

 

Жедел-іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 32 және 33 жастағы екі ер адам ұсталды. Аталған факті бойынша «Бұзақылық» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.