20 қаңтарда Орал қаласының тергеу соты Батыс Қазақстан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бұрынғы бастығы Андрей Хлевинге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл ақпаратты Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Тергеу деректеріне сәйкес, Хлевинге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, ол есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдауға, сондай-ақ заңсыз кәсіпкерлікпен айналысуға қатысы бар деген күдікке ілінген.
Күдіктіні ұстау арнайы операция барысында Полиция департаментінің Жеке қауіпсіздік басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Өңірлік департаменті бірлесіп жүргізген. Тергеу аясында бұл іске тағы бірнеше адамның, оның ішінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бұрынғы басшысының қатысы бар екені белгілі болды.
Андрей Хлевин ішкі істер органдарындағы қызметін 1995 жылы Қарағанды қаласындағы жоғары милиция мектебін бітіргеннен кейін бастаған. 2009 жылы Қылмысқа қарсы күрес басқармасын басқарған. 2023 жылы полиция полковнигі шенімен, еңбек сіңірген жылдарына байланысты қызметтен кеткен.