Coventry University-мен технологиялық мүмкіндікті кеңейту мәселесін талқылады

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Coventry University-не барды.

Bett UK 2026 халықаралық көрмесі аясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Coventry University-не  барды. Кездесу барысында университеттің негізгі академиялық және ғылыми-зерттеу құрылымдарының бірі саналатын инженерия мектебінің қызметіне ерекше назар аударылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сапар аясында министр Coventry University ректоры Джон Лэтэммен, халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ричард Уэлспен, сондай-ақ университеттің жетекші мамандарымен кездесу өткізді. Тараптар академиялық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сондай-ақ Coventry University Қазақстандағы қатысуын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Министрге автомобиль инженериясы мен авиақұрылыс салаларындағы университеттің озық әзірлемелері, сондай-ақ жаңа буын инженерлерін даярлауда қолданылатын инновациялық технологиялық шешімдер таныстырылды. Сонымен қатар 3D технологияларымен жабдықталған визуалды эффектілер мен цифрлық модельдеу бойынша жаңа зертханалардың жұмысы көрсетілді. Бұл зертханалар студенттер мен зерттеушілерге авиациялық қозғалтқыштардың, күрделі механизмдер мен өнеркәсіптік құрылғылардың құрылымын виртуалды ортада егжей-тегжейлі зерделеуге мүмкіндік беріп, болашақта нақты өндірісте жұмыс істеуге қажетті практикалық дағдыларды қалыптастырады.

Кездесу аясында Coventry University-дің Қазақстандағы стратегиялық маңызы ерекше атап өтілді. Еске салсақ, 2024 жылы университет Астана қаласында өзінің алғашқы кампусын ашқан болатын. Бүгінде кампуста студенттердің екінші легі білім алады, ал жалпы білім алушылар саны 430 адамнан асты. Ғылым және жоғары білім министрлігі дарынды жастарға мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу арқылы Coventry University Kazakhstan жобасының дамуын жүйелі түрде қолдап келеді. 

Министр талқылау барысында бұл кездесудің Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы жоғары білім, ғылым және инновациялар саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанның озық білім беру және технологиялық бастамаларды дамытудағы сенімді серіктес ретіндегі жоғары халықаралық беделін тағы бір рет айқындады.