Қарағанды облысында коронавирустық инфекция жұқтырған екі адам анықталды. Ауырғандардың екеуі де «Минск – Нұр-Сұлтан» ұшағының жолаушылары. 18 наурызда халықаралық рейс Қарағандыға шұғыл қондырылды. Ұшақ бортында 67 адам болған. Қонғаннан кейін барлығы карантинге жатқызылып, инфекция анықталмаған жолаушылар үйлеріне жіберілді.
– Жолаушыларды қарсы алу кезінде қауіпсіздік пен санэпидрежимнің барлық шаралары сақталған. Азаматтарды тексеру ұшақ салонында жүргізілді, тасымалдауға арналған автобус трапқа жеткізілді. Осылайша, біз жолаушылардың әуежай ғимаратына шығу мүмкіндігін шектедік. Тексеруден кейін барлық азамат ұйымдасқан түрде автобус арқылы карантиндік госпитальға жеткізілді. Сонымен қатар ауру деңгейі жоғары елдерден келген адамдар жалпы топтан бөлініп, түрлі бөлімшеге орналастырылды. «Қазір науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, олардың ешқайсысы Қарағанды облысының тұрғыны емес», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.Ол сондай-ақ қазіргі таңда Қарағандыда карантин жариялау үшін негіз жоқ екенін атап өтті.
– Облыста карантинді енгізуге негіз жоқ. Екі жағдай да сырттан келгендерден анықталды. Біз сыртқы ортамен байланысты шектедік. Бұл жағдайда инфекцияның қалаға түсуі мүмкін деген алаңдаушылыққа негіз жоқ, деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев.– Облыс жолдарында 6 санитарлық бекет ұйымдастырылды, деп хабарлады полиция департаментінің ресми өкілі Жанатай Сембеков.
– Біреуі – Қарағандыға Алматы жақтан кірер жерде, бұл бұрынғы «Соқыр» бекеті. Тағы біреуі – Павлодар жағынан кіреберісте, біреуі – Теміртау қаласында, ақылы жол терминалының жанында, біреуі – Нұра ауданының Киевка кентінде, біреуі Жезқазған және Балқаш қалаларында орналасқан. Бекеттерде тәулік бойы жол-патрульдік полиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және санитарлық қызмет өкілдері жұмыс істейді. Дәрігерлердің ұсынысы бойынша полиция қызметкерлері коронавирустық инфекция белгілерінің болуын тексеру үшін көлік құралдарын тоқтатады. Сондай-ақ тексеру үшін жүргізушілер мен жолаушылар өз-өзіне қызмет көрсету тәртібімен дәрігерлерге жүгіне алады, – деді Жанатай Сембеков.Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаровтың айтуынша, тәулік ішінде санитарлық бекеттерде 2 000-нан астам машина тоқтап, 3500-ден астам адамға температуралық бақылау жүргізілді. Қарағанды облысындағы сауда-ойын-сауық орталықтары мен ірі сауда үйлері қызметін 20 наурыздан бастап уақытша тоқтатты. Азық-түлік сатпайтын бутиктер мен базарлар жұмысын тоқтатты. Сауда үйлерінің ғимараттарында орналасқан дәріханалар мен супермаркеттер қысқартылған жұмыс күніне өтті, 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Кәсіпкерлік басқармасы ғимарат иелеріне ТЖ кезеңінде жалға алушылардан төлемақы алмауды ұсынды.
– Қазір ірі дүкендер мен базарлар жұмыс істеп тұрған кезде бизнесмендер сауда алаңдарын жалға алғаны үшін ақы төлемеу мәселесін қарастырудамыз. Кейбір басшылармен белгілі бір келісімдер бар, – деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.Қарағандыда 39 жасар түнгі клубтың иесі мен рок-тобының 36 жасар жетекшісі төтенше жағдай режимін бұзған. Олар ескертуге қарамастан көпшілік іс-шараларын ұйымдастырған. Аталған факті Қарағанды қаласының ПБ орталық полиция бөлімінде тіркелген. Мекеме иесіне қатысты ӘҚБтК «Төтенше жағдай режимін бұзу» 476-бабының 3-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды және мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен оған 26 510 теңге көлемінде айыппұл салынды. Стационарларда 109 адам карантинде жатыр. Облыста үй карантинінде – 21 адам, бақылауда – 336, ал тағы 275 адам – қашықтан мониторингте. Қарағанды облысында коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеуге арналған 300 жұқпалы төсек және 48 реанимациялық төсек бар. 770 провизорлық және 1 325 карантиндік төсек-орын ашылды. Барлық жұқпалы аурулар мен карантиндік бөлімшелер дәрі-дәрмектермен, медициналық маскалармен, медицина қызметкерлеріне арналған қорғаныс костюмдерімен толық жабдықталған. Республикалық бюджет есебінен өңірде 36 өкпені жасанды желдету аппараты, 48 монитор, 52 аспиратор, 114 перфузор, 96 пульсоксиметр, 8 фибробронхоскоп, ЭКМО аппараты, 100 тепловизор және 857 бірлік жеке қорғаныс құралы сатып алынды. Демеушілік қаражат есебінен коронавируспен ауыратын науқастарды тасымалдау үшін екі капсула сатып алынды. Қарағанды облысында 12 кинотеатр, сауда-ойын-сауық кешені жанындағы 44 балалар ойын алаңы, 167 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымы және басқа да ойын-сауық мекемелерінің жұмысы тоқтатылды. 20 наурызда ауданы 2 мың шаршы метрден асатын ірі азық-түлік емес дүкендер мен сауда-ойын-сауық орталықтары жұмысын тоқтатты. Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы