Алматы қаласының тұрғыны балабақшаға баратын баласын мекеме қызметкерлері соққыға жыққанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әкесінің айтуынша, баласын балабақшадағы тәрбиешілердің бірі тұншықтырып, соққыға жыққан. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге сәйкес, бұл іске балабақшаның тәрбиешісімен қатар менеджері де қатысы бар.
Аталған оқиғаға байланысты тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қаралып, сот оны 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Ал менеджерге қатысты тергеу бір жылға жуық уақыттан бері жалғасып келеді.
Зардап шеккен баланың әкесі істің әдейі созылып жатқанын, күдікті қызметкердің әлі күнге дейін бостандықта жүргенін және оның баланың қазіргі жағдайына ешқандай қызығушылық танытпағанын айтып отыр.