Сәтбаев университетінде Әділ Шаяхметов атындағы Ғарыштық байланыс зертханасы ашылды

Бұл жаңа ғылыми-білім беру кеңістігі университет қабырғасында ғылым мен білімді, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік мүдделерін тоғыстырған кешенді экожүйенің маңызды құрамдас бөлігіне айналды.

Сәтбаев университеті технологиялық кластерін жүйелі дамыту жолында тағы бір маңызды қадам жасап, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов атындағы Ғарыштық байланыс зертханасын ашты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл жаңа ғылыми-білім беру кеңістігі университет қабырғасында ғылым мен білімді, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік мүдделерін тоғыстырған кешенді экожүйенің маңызды құрамдас бөлігіне айналды.

Зертхананың ашылу салтанаты университет түлегі, бар саналы ғұмырын Отанға қызмет етуге арнаған, парыз бен абыройдың биік үлгісі саналатын генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовтің 70 жылдық мерейтойына арналған ауқымды іс-шаралар бағдарламасы аясында өтті. «Ғылым мен білімді және қауіпсіздікті біріктіретін есім» тақырыбындағы салтанатты жиынға Сәтбаев университетінің басшылығы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, «Халық Қаһарманы» атағының иегері, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, ҚР ҰҒА академигі Баян Рақышев және өзге де құрметті қонақтар қатысты.

Ғарыштық байланыс зертханасы «Электроника, телекоммуникациялар және ғарыштық технологиялар» кафедрасы базасында құрылып, университеттің қолданыстағы ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен тығыз ықпалдастырылды. Аталған инфрақұрылым Инновациялық инжиниринг орталығын, Stroytech технопаркін, сондай-ақ Алдыңғы қатарлы функционалдық материалдар мен олардың композиттері жөніндегі халықаралық R&D орталығын қамтиды. Мұндай өзара сабақтастық іргелі ғылыми зерттеулерден бастап, инженерлік шешімдерді тәжірибеге енгізуге және нақты экономика секторына қажетті білікті мамандарды даярлауға дейінгі толыққанды тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Іс-шара қонақтары университеттің зерттеу алаңдарын аралап, қолданбалы зерттеулер мен инновациялық жетістіктерге ерекше қызығушылық танытты.

Жаңа зертхана заманауи VSAT спутниктік антенна жүйесімен, жоғары жылдамдықты HT2300 модемімен, сондай-ақ MATLAB және ArcGIS Pro бағдарламалық кешендерімен жабдықталған. Бұл құралдар байланыс жүйелерін модельдеуге, навигациялық деректерді талдауға және Жерді қашықтан зондтау ақпаратын нақты уақыт режимінде өңдеуге жол ашады. Зертхананың ашылуы ҚР Республикалық ғарыштық байланыс орталығы мен оның Алматы қаласындағы «Көктерек» филиалының қолдауының арқасында жүзеге асты.

Мерейтойлық бағдарлама аясындағы маңызды мәдени-танымдық шаралардың бірі - «Фотосуреттердегі өмір тарихы» атты фотокөрме, кітап көрмесі және «Дәуір тұлғалары» кітабының тұсаукесері болды. Аталған басылымда ел тарихында із қалдырған тұлғалардың тағдыры мен кәсіби қызметі өз дәуірінің айнасы ретінде зерделенеді. Кітапта Әділ Шаяхметовтің өмір жолына, мемлекеттік қауіпсіздікті нығайту мен әскери ғылымды дамытуға қосқан сүбелі үлесіне айрықша мән берілген.

Сәтбаев университеті іс-шараға қатысқан барлық қонақтар мен қатысушыларға алғыс білдіре отырып, мұндай тағылымды бастамалар ұрпақтар сабақтастығын бекемдеп, инженерлік білімнің дамуына серпін беретінін, сондай-ақ жауапкершілік, ар-намыс пен кәсіби адалдық сияқты құндылықтарды дәріптейтінін атап өтті.