Олипиада чемпионы, Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев өзінің орынбасарымен болған жанжалға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, мәселе қаралып, шешімін тапқанын мәлімдеді.
«Әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында тарап жатқан жағдайға байланысты жауап берейін деп шештім. Мен өз міндетімді атқару барысында мемлекеттік қызметшінің әдеп қағидаттарын қатаң сақтаймын. Бала кезімнен бапкерлерім маған рингтен тыс жерлерде күш қолдануға болмайтынын үйреткен. Өз мүмкіндігімді жақсы бағалаймын. Әрбір іс-әрекетім үшін жауапкершілік арқалайтынымды толық түсінемін. Сондықтан қандай да бір арандатушылыққа ермеймін. Мәселе толық қаралып, жабық деп есептеледі», - дейді Серік Сәпиев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Серік Сәпиевті оның орынбасары, самбодан әлем және Азия чемпионы Дәурен Есімханов соққыға жыққаны туралы бейнежазба таралған еді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.