20 наурыздағы жағдай бойынша Алматыда коронавирустық инфекцияны жұқтырған 22 жағдай тіркелді. Барлығы зертханалық түрде расталды. Алматы қаласы аумағындағы эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша COVID-2019-дың 10 ошағы анықталды. Атап айтқанда, Алмалы ауданы – 3; Медеу – 3; Түрксіб – 2; Жетісу – 1; Алатау – 1. 19 наурыздан бастап Алматы карантинде. Осылайша, шаһардың сыртқы периметрін қатаң бақылауға алып, инфекцияның таралуын тоқтатуға барынша күш салынбақ. Қалада эпидемияға қарсы ауқымды іс-шара жүргізілуде. Көшелер мен тротуарлар, қоғамдық орындар мен тұрғын үйлер дезинфекцияланып, іргелес аумақтар тазалануда. Азаматтар мен автокөлік құралдарының Алматы қаласы аумағына кіріп-шығуы шектелді. Карантин жарияланғаннан бері қалада ауа ластануы анағұрлым жақсарған. Казгидрометтің соңғы мәліметтеріне сүйенетін болсақ, шаһардың ортасында лас ауа әлі де болса сақталуда. Десек те, жалпы қала аумағындағы ауа сапасын қадағалайтын мониторинг зиянды бөлшектердің 3 есеге азайғанын көрсетіп тұр. Статистика бойынша, күніне Алматыға жұмыс барысымен 200 мыңға жуық көлік кіріп-шығатын болған. Қазір қалаға кіреберістегі блокбекеттерде Патрульдік полиция полкінің, СОБР-дің, «Гранит» полкінің, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық гвардия бөлімшелерінің күштері жұмылдырылған. Карантин кезінде қала ішінде адамдардың ары-бері жүруіне тыйым салынбайтынын, қоғамдық көліктер жүре беретінін Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов айтқан. Автобустар мен метро қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыра бермек. Тіпті, аралық интервал 20 пайызға артады. Оның сөзінше, 22 наурызда түнгі сағат 00.00-де қала толық жабылады. Қалаға кіргісі келгендер немесе шығатындар осы уақытқа дейін Алматыға кіріп немесе қаладан шығып үлгеруі тиіс. Карантин кезінде жедел медициналық жәрдем, құтқару қызметі сияқты қаланың тіршілігі үшін маңызды көліктердің өтуіне ғана рұқсат беріледі. Олар қалаға кірер кезде толық дезинфекциядан өтеді.
Polisia.kz. сайты полиция қызметкерлері Алматы облысы аумағында айналма жолсызбасын картада белгілегенін хабарлады. Карантин ережелерін сақтау, сондай-ақ мегаполистің көлік қозғалысын азайтуды реттеу мақсатында Алматы полициясы картада облыс аумағы бойынша қаланы айналып өту схемасын белгіледі. Мәселен, Талғар ауданынан Қарасай ауданына қалай жетуге болады және тағы басқа жолдар бойынша. «Тұрғындарды алдын ала жоспарлауға және өз маршруттарын түзетуге, ТЖ және карантин ережелерін бұлжытпай ұстануға шақырамыз. Полиция қызметкерлерінің заң талаптарын орындауына, коронавирустық инфекцияның алдын алу және күрес шараларына түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз», – дейді полицейлер.Қазір Алматыдағы 8 500-ге жуық көппәтерлі тұрғын үйдің іші-сырты жаппай залалсыздандырылуда. Тазалық жұмыстарына пәтер иелері кооперативтері жауапты болмақ. Сондай-ақ 5 мыңнан астам лифт, 4 мыңнан астам аула дезинфекцияланады. Бұдан былай кіреберіс, дәліз, баспалдақтар мен жеделсаты, үй жанындағы алаңдар арнайы қоспамен жуылады.
«Бүгінгі таңда әрбір тұрғынға ай сайынғы жарналарды уақытылы енгізу арқылы өз үйлерін күтіп ұстауға белсенді қатысу өте маңызды. Дәл осы жарналар еңбекақы төлеу қорын және ортақ мүлікті дезинфекциялау үшін қажетті қаражатты сатып алуды қарастырады. Қала әкімдігі көппәтерлі үйлердің ортақ пайдалану орындарын дезинфекциялау бойынша пәтер иелері кооперативтерін қолдаудың қосымша шараларын пысықтап жатыр», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев.Қазіргі таңда медициналық масканың бағасын көтермеу туралы арнайы бұйрық бар. Осындай жағдайға қарамастан, Алматыда миллиондаған масканы қымбат бағада сатқандар ұсталды. Бұл туралы Алматы қалалық қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Тергеу барысында қаладағы төрт нүктеде медициналық маскаларды ешқандай құжатсыз және бағасын шамадан тыс көтеріп сатқаны анықталды. Тәртіп сақшылары 1 миллион 53 мың 520 масканы тәркілеген. Жалпы сомасы 191 миллион теңгені құрайды. Бүгінде тәркіленген медициналық маскалар қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына тапсырылды. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 214-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Қаладағы ақылы автотұрақтар 21 наурыздан 15 сәуірге дейін тегін болмақ. Мұндай шешімді А-Parking мекемесі еліміздегі төтенше жағдай мен қаладағы карантинге байланысты қабылдап отыр. Кәсіпорын жүргізушілерді жол ережесін, көлік қою тәртібін бұзбауды сұрап, темір тұлпарды белгіленген жерге қою керегін ескертеді.