Энергия көздері туралы заңды қарайды

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен бюро отырысында палатаның алдағы жалпы отырысының күн тәртібінің жобасы нақтыланды.

Депутаттарға 2024 жылғы 12 қарашада Бакуде қол қойыл­ған Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы жаңар­тыла­тын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру тура­лы келісімді қарау ұсынылады. Бұл құжат аясында Қара­ғанды, Түркістан және Павлодар облыстарында жалпы қуатты 1,8 ГВт болатын үш жел және бір күн электр стансасын салу қарас­тырылған.  

Сонымен қатар депутаттардың талқылауына 2024 жылғы 6 қарашада Бішкекте қол қойылған Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісім енгізіледі. Жаңа тетік халықаралық ұйым форматында жұмыс істейтін болады. Ол ұйымға мүше елдер мен байқаушы мемле­кеттердің аумағында да, басқа елдерде де дүлей зілзалалар мен төтенше жағдайларға ден қоюдың бірлескен қағидаларын әзірлеуге, сондай-ақ құтқару бөлімшелерінің кәсіптік даяр­лық деңгейін арттыруға бағытталған. Механизмнің әкімшілік құрылымына Министрлер кеңесі мен Хатшылық кіреді.

Бұдан бөлек, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Рес­пуб­ликасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып та­бы­латын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Рес­пуб­ликасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өз­герістерді ра­тификациялау туралы заң жобасы жұмысқа алынады.

М.ТӨЛЕУ