Пропорционалды сайлау жүйесі саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді – Қарин

Бір айдан кейін 8 қазанда Президент Өкімімен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин өз пікірін айтып, жұмыс тобына тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бүгін жұмысын бастағалы отырған Конституциялық комиссия – осыған дейін жарты жыл бойы жұмыс істеген Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы.

Сондықтан алдымен осы Жұмыс тобының жалпы қызметі мен оның аясында атқарылған шаралар туралы баяндап беруге рұқсат етіңіздер.

Өздеріңіз жақсы білетіндей, өткен жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу туралы бастама көтерді. Мұны ел азаматтарының көпшілігі қолдады.

Қазан айында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген зерттеуге сүйенсек, респонденттердің 70 пайызға жуығы осы идеяға қолдау білдірген.

Бір айдан кейін 8 қазанда Президент Өкімімен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

Оның құрамына Парламенттегі саяси партия фракцияларының жетекшілері, белгілі заңгер-ғалымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері, Ұлттық құрылтай мүшелері енді.

14 қазан күні Жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Оған Президент арнайы қатысты. Сол отырыста Жұмыс тобының мүшелері ауқымды өзгерістер Конституцияның бірнеше бөлімін қамтитынына назар аударды. Мұндай ауқымды түзетулер кезінде азаматтардың да пікірі ескерілуге тиіс.

Сол себепті 14 қазанда азаматтардың ұсыныс-пікірін жинақтау үшін e-Otinish және eGov порталдарында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Парламентаризм институты келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, жүйелеумен айналысты.

Сонымен қатар бұл іске Заңнама және құқықтық ақпарат институты, Стратегиялық зерттеулер институты тартылды. Бұл құрылымдар парламентаризмге қатысты халықаралық тәжрибені бір ай бойы мұқият зерделеді.

Осылайша, Жұмыс тобының мүшелеріне барлық ақпарат пен талдау нәтижелері ұсынылды.

Қазан айынан бері парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар түгел жинақталды. Соның ішінде Жұмыс тобының мүшелеріне алдағы реформаға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін әзірлеуге бір ай уақыт берілді.

Жұмыс тобының мүшелерімен қатар, "AMANAT", Ауыл, Respublica, Ақ жол, Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өздерінің ой-пікірін дайындап, жолдады.

Сондай-ақ «Байтақ» партиясы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы, Республикалық адвокаттар алқасы, «Toqtamys» адвокаттар қауымдастығы, Халықаралық арбитраж және медиация палатасы, Парламентаризмді дамыту қоры, Экономикалық саясат институты, «Азаматтық бастама» бастамашылық тобы және басқа да ұйымдар өз ұсыныстарын жолдады.

Ерлан Қарин: «Жалпы саны, конституциялық реформаға қатысты 7 саяси партия, 16 қоғамдық ұйым өз ұсыныстарын жіберді»

Ал е-Otinish және eGov порталдары арқылы азаматтар мен қоғам белсенділері тарапынан 600-ден астам ұсыныс түсті.

20 қарашада Мемлекет басшысы Парламенттік реформа жөнінде жұмыс кеңесін өткізді.

Президент азаматтардан, сарапшылардан және қоғам белсенділерінен түсетін ұсыныстардың барлығын жан-жақты зерделеуді тапсырды.

2 желтоқсанда Жұмыс тобының екінші отырысы өтті. Жиында жаңа Парламенттің құрамына қатысты мәселелер қарастырылды.

Атап айтқанда, бір палаталы Парламенттің өкілеттік мерзімі, депутаттар саны, квоталар және сайлау тәртібі талқыланды.

29 желтоқсанда Жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. Онда болашақ Парламенттегі заң шығару үдерісінің негізгі бағыттары талқыланды.

6 қаңтарда Мемлекет басшысы Парламенттік реформа туралы арнайы жұмыс кеңесін өткізді. Жұмыс тобына конституциялық реформаға қатысты негізгі ұстанымдарды әзірлеуді тапсырды.

9 қаңтарда Жұмыс тобының кезекті төртінші отырысы ұйымдастырылды. Онда болашақ Парламенттің басқа билік институттарымен өзара іс-қимылына және бір палаталы Парламенттің атауына қатысты ұсыныстар талқыланды.

12 қаңтарда Мемлекет басшысы Парламенттік реформа бойынша кезекті жұмыс кеңесін өткізді. Президент конституциялық реформаға қатысты түпкілікті шешімді еліміздің азаматтары жалпыхалықтық референдумда қабылдайды деп нақты айтты.

15 қаңтарда Жұмыс тобының бесінші отырысы ұйымдастырылды. Онда жаңа Парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз етудегі құзыреті талқыланды.

19 қаңтарда, яғни, осы аптаның басында Жұмыс тобының алтыншы қорытынды отырысы өтті. Оған Мемлекет басшысы өзі қатысты. Жұмыс тобының мүшелері Мемлекет басшысына атқарылған жұмыстар туралы баяндап, ортақ ұстанымдарды таныстырды. Президент бұл ұстанымдарға қолдау білдіріп, көп ұзамай қосымша өз ойларын да ортаға салатынын айтты.

Осылайша, Жұмыс тобы жарты жыл бойы белсенді жұмыс істеп, Парламенттік реформаға қатысты мәселелерді 6 отырыста жан-жақты талқылады.

Осы орайда, Парламенттік реформа туралы Жұмыс тобының барлық мүшелеріне белсенді қызметтері үшін ризашылығымызды білдіреміз.