Атеистерді маймылға теңеген уағызшының басы тағы дауға қалды

Әлеуметтік желілерде Mihrabkz YouTube арнасына берген «Нұржан Смағұлов: “Атеизм – XXI ғасырдың ең үлкен алдауы ма?”» атты сұхбатынан үзінділер кеңінен тарады.

Исламтану ғылымдарының PhD-докторы, діни уағызшы Нұржан Смағұлов атеистерді жануарлармен салыстырған мәлімдемелері арқылы қоғамда үлкен резонанс тудырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әлеуметтік желілерде  Mihrabkz  YouTube арнасына берген «Нұржан Смағұлов: “Атеизм – XXI ғасырдың ең үлкен алдауы ма?”  атты сұхбатынан үзінділер кеңінен тарады. Онда уағызшы Ахмет Байтұрсынұлының “Маймыл” өлеңіне (Иван Крыловтың “Обезьяна” мысалының аудармасы) қатысты пікір білдіріп, өз талдауын ұсынған. Алайда оның айтқан ойлары желі қолданушыларының өткір наразылығын туғызды.

Видео астында қазақстандықтар сыни пікірін жазып жатыр.

“Мұндай сөздер ислам діні туралы теріс көзқарас қалыптастырады”, “Өзіне ерген шәкірттеріне осылай үйрете ме?”, “Алдыңғы жанжалдан кейін неге жауапкершілікке тартылмады?” – деп жазды олар.

Айта кетейік, бұл – аталған сұхбатқа байланысты алғашқы резонанс емес. Бұған дейін әлеуметтік желілерде Смағұловтың «мұсылман адам кісі өлтірсе де, қайырымдылықпен айналысатын атеистен жоғары тұрады» деген сөзі қызу талқыланған болатын. Бұл мәлімдеме қоғамда зорлық-зомбылықты ақтау, азаматтарды діни белгісі бойынша кемсіту және зайырлы мемлекет қағидаттарына қайшы пікір ретінде қабылданды.

Сұхбаттың тағы бір үзіндісінде уағызшы атеистерді сиырмен теңестіріп, бұл қоғамда жаңа наразылық толқынын туғызды. Кейінірек Смағұлов кешірім сұрағанымен, «бұдан былай атеистер маймылдан шыққан деп айтамын» деп мәлімдеді. Қоғам белсенділері мен желі қолданушылары бұл сөздерді қорлайтын әрі келемеждейтін сипатта деп бағалап отыр.