Үнзила Шапақ: Конституция – мемлекет пен халық арасындағы қоғамдық келісімнің көрінісі

Депутаттың пікірінше, Конституция преамбуласын жаңарту – жай ғана редакциялық түзету емес. Мұндай өзгеріс ұлттық мемлекеттілікті нығайтатын, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам.

Конституциялық реформа аясында Ата заңның преамбуласын жаңғырту, оның мазмұнын заман талабына сай қайта өзектендіру мәселесін Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол бұл ұсынысын Конституциялық комиссияның отырысында айтып, өз ұстанымын ортаға салды. Депутаттың пікірінше, Конституция преамбуласын жаңарту – жай ғана редакциялық түзету емес. Мұндай өзгеріс ұлттық мемлекеттілікті нығайтатын, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам.

– Мемлекет басшысы да преамбулада ұлттық құндылықтарды негізге алу қажеттігін нақты атап өтті. Қазақ даласынан бастау алатын өркениет пен мемлекеттілік дәстүрінің сабақтастығын айқын көрсету, Қазақстанның Ұлы даладағы тарихи мемлекеттердің мұрагері екенін нақты бейнелеу маңызды екеніне ерекше мән берді. Сондықтан Конституциялық реформа аясында келіп түскен барлық ұсыныстарға үстірт емес, байыппен әрі терең көзқараспен қарау – ортақ міндетіміз, – деді Комиссия мүшесі.

Конституцияның преамбуласы – Негізгі заңның идеялық әрі моральдық іргетасы. Ол Конституцияны қабылдаудағы түпкі мақсаттарды айқындап, елдің тарихи-мәдени болмысын, ұлттық келбетін танытады. Осы тұрғыда Үнзила Шапақ преамбулаға енгізілуі тиіс өзгерістерге қатысты өз көзқарасын білдірді.

– Ендігі біз ұсынатын преамбула мәтінінде бірнеше іргелі бағыт айқын көрініс табуға тиіс. Ең әуелі, Қазақстан өзін біртұтас ұлт ретінде танытуы қажет. Бұл – ұлттық бірегейлікті күшейтетін, барша қазақстандықты ортақ мақсат пен жауапкершілікке ұйыстыратын басты ұстаным. Сондай-ақ преамбулада мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастықты сақтау мәселесіне ерекше мән берілуге тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл қағидаттар ел егемендігін нығайтатын шешуші факторлар саналады, – деді депутат.

Сонымен қатар Үнзила Шапақтың айтуынша, «Әділетті Қазақстан» идеясы мен оның өзегі саналатын «Заң мен Тәртіп» қағидатын преамбула деңгейінде бекіту мемлекет пен қоғам дамуының жаңа философиясын айқындайды.

 

– Бүгін біз Конституция туралы айтқанда тек билік пен құқықтық нормаларды ғана емес, ұлттың болашақ алдындағы жауапкершілігін де ойлауымыз керек. Сондықтан табиғатты аялау, экологияны сақтау идеясы Конституцияда қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылығы ретінде көрініс табуға тиіс.
Мемлекеттілік – тек заңдар мен институттар арқылы ғана емес, ұлттық рух пен мәдениет арқылы орнығады. Осы себепті мәдениет пен рухани құндылықтардың рөлі Конституцияда айқын көрініс табуы қажет. Дәл осы мәдени негіз халықты біртұтас ұлтқа айналдырып, қоғамдық бірлікті нығайтады.
Мәдениетті Конституциялық деңгейде бекіту арқылы біз Әділетті Қазақстанның тек құқықтық емес, өркениетті мемлекет екенін нақтылаймыз. Сонымен қатар мәдениет пен өнерге, ғылым мен білімге, инновацияға, табиғатты аялауға, бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікке мән беру Конституцияны тек құқықтық емес, өркениеттік құжат деңгейіне көтереді. Бұл – мемлекет пен халық арасындағы жария қоғамдық келісімнің айқын көрінісі, – деді ол.