Шавкат Рахмоновтың әйелі қанша жылға сотталуы мүмкін екені айтылды

Жамбыл облысында болған қайғылы жол апатынан кейін алты ай өткен соң қылмыстық іс тергеудің белсенді кезеңіне өтті.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі UFC файтері Шавкат Рахмоновтың жұбайына қатысты жол-көлік оқиғасы бойынша ресми мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жамбыл облысында болған қайғылы жол апатынан кейін алты ай өткен соң қылмыстық іс тергеудің белсенді кезеңіне өтті. ҚР ІІМ аталған іс бойынша Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гулайым Рахмонованың процессуалдық мәртебесі өзгергенін растады.

ҚР ІІМ вице-министрі Санжар Әділов 2026 жылғы 25 қаңтарда журналистерге берген түсініктемесінде Гулайым Рахмонованың қылмыстық іс аясында күдікті деп танылғанын мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта қорғау тарапы тергеу материалдарымен танысып жатыр», – деді вице-министр.

Бұған дейін ол іс бойынша қорғауға құқығы бар куә ретінде танылған болатын. Алайда тергеу барысында жаңа дәлелдердің жиналуына байланысты оның процессуалдық мәртебесін өзгерту туралы шешім қабылданған.

Қылмыстық іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 245-бабының 4-бөлігі бойынша тергелуде. Аталған бап жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның қаза табуын көздейді. Кінәсі дәлелденген жағдайда, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 7 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

 

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Тараптардың жауапкершілік деңгейіне қатысты түпкілікті шешім сот қарауы барысында қабылданады.