3630 метр биіктікте оқыс оқиға: Алматы тауларында альпинист қиын жағдайға тап болды

ТЖМ құтқарушылары ресми ақпарат таратты

Алматы тауларында ТЖМ құтқарушылары жарақат алған альпинисті эвакуациялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Оқиға бүгін таңертең Медеу ауданындағы теңіз деңгейінен 3630 метр биіктікте орналасқан Мыңжылқы шыңында болды. 59 жастағы ер адам аяғын жарақаттап алып, өздігінен қозғала алмаған.

Оқиға орнына шұғыл көмек көрсету үшін 23-ші әмбебап бөлімшенің құтқарушылар экипажы, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының реанимобилі жедел түрде жіберілді. Құтқарушылар қысқа мерзім ішінде Мыңжылқы шыңына жетіп, зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны қауіпсіз эвакуациялауды ұйымдастырды, - деп жазылған ресми хабарламада