Президент азаматтардың дербес деректерін қорғау қажет екенін айтты

Ақпараттық кеңістікте азаматтардың дербес деректері жарияланып кеткені туралы хабар жиі шығып жатады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, құқық қорғау жүйесін цифрландыру үдерісі біркелкі емес, яғни әр жерде әрқалай. Бұл туралы Президент Бас прокуратурада өткен жиында айтты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетімен дамытуда. Бұл шаруа жүйесіз жүргізіліп жатыр. Біртұтас жүйе жоқ. Мысалы, кейбір органдар цифрлық тәсілдерді ұтымды қолданып жұмыс істеуде. Ал кейбірі дұрыс амал-тәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жүр. Бұл, басқа сөзбен айтқанда, нағыз жымқыру. Сондықтан қаражатты орынсыз жұмсап, жаңа дүние жасаудың қажеті жоқ. Үкіметке қолданыстағы барлық цифрлық шешімдерді саралап, тексеріп, олардың тиімділігін арттыруды тапсырамын. Күштік құрылымдарға арналған түсінікті құрылымы бар және технологиялық стандарттары біркелкі бірыңғай цифрлық экожүйе жасалуға тиіс».

Осы ретте Мемлекет басшысы азаматтардың дербес деректерін қорғау қажет екенін айтты.

«Ақпараттық кеңістікте азаматтардың дербес деректері жарияланып кеткені туралы хабар жиі шығып жатады. Дербес деректерді барынша қорғау үшін бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысу керек»,  деді Президент.