20 жыл құжатсыз өмір: «AMANAT» партиясы маңғыстаулық тұрғынның азаматтық алуына көмектесті

Партияның облыстық филиалы жанындағы қабылдау бөлмесінде көтерілген мәселе құзырлы органдардың қатысуымен оң шешімін таба бастады.

«AMANAT» партиясы 20 жыл бойы жеке басын куәландыратын құжатсыз өмір сүрген маңғыстаулық тұрғынға Қазақстан азаматтығын алуға ықпал етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Партияның облыстық филиалы жанындағы қабылдау бөлмесінде көтерілген мәселе құзырлы органдардың қатысуымен оң шешімін таба бастады. 

«AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау алаңында мәслихат депутаты Абзал Марат тұрғындарды қабылдады. Онда азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік қолдау, жұмыссыздық және денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелермен жүгінді.

Солардың бірі – Маңғыстау облысының тұрғыны Жаңылсын Сүгіралиева. Ол 2005 жылы отбасымен бірге Түрікменстаннан Қазақстанға қоныс аударғанымен, осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмаған. Соған қарамастан, елімізде мектепте оқып, кейін тіпті колледжде білім алған. Алайда ол диплом алу кезінде кедергіге тап болды.

«Жеке басты куәландыратын құжаттың болмауынан ресми жұмысқа орналасу, медициналық қызметті алу қиынға соғып тұр. ҚР азаматтығым болмағандықтан, ұлымның да құжаттары әлі күнге дейін рәсімделмеген. Ендігі басты мақсатым – азаматтық алу»,  дейді тұрғын Жаңылсын Сүгіралиева. 

Тұрғынның өтінішінен кейін облыстық мәслихат депутаты Абзал Марат құзырлы органдармен байланысып, мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Қабылдау барысында азаматқа қажетті құжаттарды рәсімдеу тәртібі бойынша кеңес беріліп, Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасына жолданды. Нәтижесінде, көші-қон қызметінің мамандары тұрғынның өтінішін қабылдады.

«Бұл мәселені зерделей келе арнайы құзырлы органдарға және Түрікменстан елінің консулдығына барып, негізгі құжаттардың тізімін алдық. Қаңтарда көші-қон полициясына құжаттарды тапсырдық. Енді тұрғын заң аясында белгіленген мерзімде азаматтығын алады»,  деді Абзал Марат.

Айта кетейік, былтыр «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының қабылдау бөлмесіне 3 000-нан астам тұрғын жүгінген. Тұрғындар мәселесінің 50 пайызы оң шешім тапса, 47 пайызына түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қалған мәселелер қаралу сатысында.