Ұлы мұраттарға бастаған реформа

Өткен Құрылтайдың шын мәнінде тарихи мәні зор. Бұл елдің келешегін айқындаған келелі отырыс болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың көкейінде жүрген ең өзекті мәселелерге жауап беріп қана қоймай, ел дамуының басым бағыт­тарын – қоғамдық-саяси жаңғыру, экономиканы әртараптандыру, әлеуметтік әділдік пен заң үстемдігін нығайту мәсе­лелеріне жан-жақты тоқталды. Әсіресе, мемлекеттік басқару жүйесінде болатын ауқымды трансформация жайлы терең толғады.

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік лауазымға кіріскен сәттен бері ауқымды реформаларды қолға алды. Оның жемісін көріп те келеміз. Бұл бастамалардың өзе­гінде әділдік идеясы жатыр. 

Біздің түпкі мақсатымыз – әділетті, өркениетті, мықты әрі қауіпсіз мемлекет құру. Қызылордада көтерілген бастамалар – осы ұлы мұрат жолындағы ірі, бетбұрысты қадамдардың жалғасы. Негізгі екпін билік институттары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға беріліп отыр.

Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын одан әрі күшейтуге ерекше мән берілуде. Бір палаталы Парламент – соның айқын дәлелі. Ал оның болашақ атауын «Құрыл­тай» деп ұсынуы ұлттық болмысымыз бен ұлттық кодымызды қайта жаңғыртумен тең. Ғасырлар бойы дала демократиясының өзегі болған Құрылтайдың қайта түлеуі деп санаймын.

Алда көп жұмыс күтіп тұр. Ата Заңы­мызға үлкен өзгеріс енгізіп, іргелі рефор­маларды іске асырамыз. Бұл тарихи кез­еңнің бастауы. Депутат ретінде біз осы жұмыстың алдыңғы шебінде жүруге міндеттіміз. Елдігімізді нығайтуға, егемендігімізді тұғырлы етуге бағыттал­ған тарихи реформалардың игілігін бар­ша жұртымыз, ұрпақтарымыз көре берсін! 

Дәулет ТҰРЛЫХАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты