Еріктілердің елеулі ісі

«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының еріктілері мен «Ассамблея жастары» өңірдегі медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, кондитерлік өнімдер таратты.

Бұл іс-шара соңғы кездері ауа райы салқындап, науқастар санының артуына байланысты күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне алғыс білдіру мақсатында ұйымдастырылды. Акция барысында еріктілер аурухана ұжымына жылы лебізін айтып, ерінбей етіп жүрген еңбектеріне ризашылық білдірді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ 2026 жылды «Халықаралық еріктілер жылы» деп жариялаған. Бүгінде маңғыс­таулық жастар да волонтерлік мәдениетті дамытуға үлес қосып келеді.

«Ерікті болу үшін міндетті түрде бос уақыт пен қаражаттың болуы міндет емес. Бастысы – шынайы ниет пен жанашыр жүрек. Бүгінгі акцияға қатысқан жастар өз қолдарымен он түрлі тәтті торт пісіріп, медицина қызметкерлеріне тарту етті. Жұмыс көлемі артқанымен, маңғыстаулық дәрігерлер өз міндетте­рін жоғары жауап­кершілікпен атқарып келеді. Бұл – нағыз құрметке лайық еңбек», – деді «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты Маңғыс­тау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мейірім мен жанашырлықты насихаттайтын мұндай қайырымдылыққа бағытталған іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.

Елнар ЕЛТАЙ