Теңгенің тынысы кеңейе түсті

Соңғы аптада әлемдік нарыққа ілесіп ұлттық валютаның да ұпайы түгенделе бастады.

Оған доллардың қолма-қол саудасы азайып жатқаны туралы ақпаратты қоссаңыз, отандық қаржы нарығы қалыпқа келе бастады ма екен деген ой келеді. Дегенмен сарапшылар күні бұрын бөркімізді аспанға атудың қажеті жоқ екенін айтып отыр. Өйткені нарықтың әп-сәтте құбылуы қалыптасқан қағида, демек дүниежүзіне төрелік етіп отырған доллар кейін қарымта қайтаруы мүмкін.

Былтырғы жылдың 11 айындағы айыр­бастау орындары бар болғаны 1,5 трлн теңгеге доллар сатқан. Finprom сараптама орталы­ғының мәлімдеуінше, бұл соңғы бес жылдағы ең төмен көрсеткіш және ол 2024 жылмен салыстырғанда 10,4%-ға аз. Яғни, халықтың қолма-қол валютаға қызығушылығы бұрын­ғыдай жоғары емес. Одан бөлек, өткен аптада теңге АҚШ долларына қарсы тағы да күшейді. Бір аптада ұлттық валюта 1,53%-ға, яғни 6 теңгеге нығайған. Есіңізде болса, 2025 жыл­дың 26 қаңтарында доллар 517 теңге болса, бүгінгі бағам 503 теңгеге тұрақтап тұр. Яғни, соңғы 12 айда теңге долларға қатысты 2,8%-ға нығайды.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, әсіресе жұма күнгі KASE-дегі сауда ерекше болды: доллар бағамы 503,19 теңгеге дейін түсіп, сауда көлемі 329,2 млн долларды құрады. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдыратыны алдын ала белгілі болғанымен, реттеушінің «қатқыл» мәлімдемесі теңгеге қосымша қолдау берді.

«Ұлттық банк бірінші жартыжылдық бойы жоғары мөлшерлемелер сақталатынын анық айтты. Тіпті, инфляция тұрақты түрде төмендемесе, базалық мөлшерлемені одан әрі көтеру де мүмкін екенін жасырмады», – делінген қауымдастық мәлімдемесінде.

Бұл қадам валюта нарығындағы спеку­ляцияға тосқауыл қойып, теңгеге тиесілі активтерді тартымды ете түседі.

Экономист Руслан Сұлтановтың ай­туынша, өткен аптада биржадағы сауда белсенділігі де айтарлықтай өскен. Күн сайынғы орташа сауда көлемі 294,2 миллион доллар болса, ең көп сауда бейсенбіде болған, шамамен 383 миллион доллар. Ең аз көлем дүйсенбіде тіркелген 191 миллион доллар. Басқаша айтқанда, апта бойы биржада сауды қызу жүрген, нәтижесінде нарық қанша құбылса да, апта теңгенің күшеюімен аяқталды.

«Көп сауда жасалғанымен, валютаға деген сұраныс сақталды. Бірақ экспорт­таушылар мен ірі ойыншылардың валюта сатуы сұраныстан көп болды, сондықтан доллардың бағамы төмендей берді», – дейді ол.

Дәл осылай валюта бағамының теңгенің пайдасына шешілуіне сыртқы факторлардың қосқан үлесі зор дейді сарапшылар. Бірі Трамптың күтпеген мәлімдемелері халық­ара­лық нарықты шайқалтып, доллар индек­сінің әлсіреуіне әкелді десе, енді бірі тұрақты пайданы көздеген трейдерлердің жаппай дамушы елдер нарығына көз тігуі дейді. 

Мысалы, Investing порталының сарапшысы Дмитрий Демиденко әлемдік экономиканың бүгінгі саяси ойындарға қарсы тұрар қауқары жоқ екенін алға тартқан. 

«Он жыл бойы ештеңе өзгермейтін кездер болады. Ал кейде бір аптада бүтін он жылдыққа сыйып кететін оқиғалар болады. Сол секілді 2026 жылдың басында әлемдік экономика, саясат және қаржы нарықтарының құбылғаны соншалықты, бас айналдырады десе болады. Өйткені фундаменталды талдаудың басты қағидалары бұзылды, ал FOMO (қорқыныш­қа бой алдыру, эмоциямен шешім қабыл­­д­ау) құбылысы EUR-USD валюталық жұбын 1,19 деңгейіне дейін көтеріп жіберді. Бірақ ха­лық­аралық қатынастар жүйесі шайқал­ған кез­де бұған таңғалудың өзі артық сияқ­ты», – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, нарықтың негізгі қағидалары әлем тыныш кезде жақсы жұмыс істейді. Ал 2026 жылдың басын тыныш деп айту қиын. 

«Бүгінгі «кешті» саясат билеп тұр, ал саясат араласқанда экономика шетте қалуға мәжбүр болады», – дейді маман.

Отандық нарыққа оралсақ, дәл қазір тең­геге қосымша қолдау көрсетіп тұрған мұнай нарығы екенін айтады Alpari брокерлік компа­ниясының сарапшысы Анна Бодрова. Себебі геосаяси тәуекелдер аясында Brent бағасы қайта өсіп, барреліне 65,99 долларға жетті. Дегенмен сарапшылар жақын күндері мұнай бағаcы құбылмалы болуы мүмкін деп ескертеді.

Осылайша, әлемдік нарықтардағы жағ­дай дамушы елдердің валюталарына, оның ішін­де теңгеге майдай жағып отыр. Маманның сөзінше, АҚШ-тағы саяси белгісіздік және монетарлық саясат бойынша белгісіз бол­жамдар долларға қысым көрсетуде. Мұндай жағдайда инвесторлар сақ болғанымен, бар­лығы бірдей тәуекелден бас тартпайды. Өйт­кені мұндай құбылыстар шикізат экс­порттаушы елдердің валютасын күшейте түспек. 

Анна Бодрова дамушы елдердің ішінде дәл теңгенің осылай ойнақши түскені елдегі қатаң ақша-несие саясатының салдарынан екенін алға тартып отыр. Ұлттық банктің жоғары базалық ставкасы валютаға спеку­лятивті сұранысты тежейді және теңгеге деген қызығушылықты арттырады. Маман сөзіне сүйенсек, қазір нарықта тамаша үштік қалыптасқан: біріншіден, теңгеге сыртқы салдар кедергі келтірмейді, екіншіден, мұнай қымбаттап жатыр, үшіншіден, ел ішінде қаржылық тәртіп сақталған. Демек, осы факторлар валюталық нарықтағы жағдайдың салыстырмалы түрде тыныш болуына мүм­кіндік беріп отыр.

Десе де, жоғары пайыздық мөлшерлеменің қымбатшылықтан өзге де кері әсері бар көрінеді. Мәселен, Reuters агенттігінің сарапшысы Джон Синдреудің айтуынша, доллар әлсіреп, Еуропа экономикасы баяулаған шақта халықаралық инвесторлар табысы жоғары активтерге бет бұра бастайды. Нәтижесінде, бұл үрдіс «шеткері нарықтар» деп аталатын экономикасы дамушы елдердің облигацияларына сұранысты арттырады.

Сарапшының сөзінше, дамушы елдердің бірқатары инфляция мен айырбас бағамын бақылау үшін өте жоғары пайыз ұсынуға мәжбүр болып отыр. «2025 жылы табыс та­бу­ды көздеген трейдерлер жергілікті валютамен шығарылатын облигациялары бар елдердің нарығына ұмтылады. Мұндай табысты «әдіс­тің» тәуекелі де жоғары. Дегенмен қыс­қамерзімді капитал ағымы дамушы елдердің нарығын тұрақсыздандыруы мүмкін», – дейді ол. Өйткені аталмыш инвесторлар табысы төмендей бастаса болды, қалай келсе, дәл солай нарықтан шығып кетуі мүмкін. 

Бүгінде бірқатар елде біржылдық мемлекеттік облигациялар 20%-дан жоғары табыс беріп жатқанын атап өтеді маман. Бұл трендтің Қазақстанға әсері бар. Сарапшы Қазақстанның алтын-валюта резервтерінің өсуін атап өтті. Оның айтуынша, «Қазақстанда, Пәкістан мен Сербияда резервтер алтын бағасының күрт өсуі есебінен көбейді». 

Қазақстан үшін мұндай жаһандық тренд екіжақты әсер береді: бір жағынан, доллардың әлсіреуі мен алтын бағасының өсуі резервтердің күшеюіне көмектессе, екінші жағынан, қысқамерзімді капиталдың құйылуы немесе кері ағымы теңге бағамы мен нарық тұрақтылығына әсер етуі мүмкін.

Кәмила ДҮЙСЕН