Депутаттар осал топтағы азаматтарға сатылатын пәтердің үлесін 70 пайыздан 50 пайызға дейін төмендетуін сұрады

Бүгінде баспана алу кезегіне тұрған азаматтардың 31 055 немесе 54% – әлеуметтік осал топтағы азамат.

 

Бүгінгі Мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұқаш Ескендіров, Қайрат Балабиев, Руслан Қожасбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.Склярға депутаттық сауал жолдап, коммуналдық меншіктегі тұрғын үй қорынан жалдамалы баспана беру мәселесін көтерді. 

Олар берген мәліметте, Жамбыл облысы бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 57 434 азамат тіркелген. 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 млрд теңге бөлініп 1 425 пәтер сатып алынды. Алайда сатып алынған пәтерлерді осал топтағы азаматтарға үлестіру қолданыстағы Заңнамаға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер кедергі болып отырғанын жеткізді. 

– Бұрында жергілікті атқарушы органдарда болған функциялар «Тұрғын үй құрылысы жинақ» банкіне (бұдан былай Банк) берілді және баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою электрондық базасы арқылы автоматты түрде  жүзеге асырылуда. Осы себептерге байланысты коммуналдық тұрғын үй қорынан бөлінетін тұрғын жайды келісу туралы өтінішке дер кезінде жауап бермеуіне және кезекте тіркелген азаматтардың деректерінің түзетіліп жаңартылмауына байланысты баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары созылып кетті.

 

Бүгінде коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тұрған 57 434 азаматтың небәрі 10 пайызының деректері түзетулер енгізіліп жаңартылған. Бұған тиісті деңгейде түсіндірме жұмыстарының болмауы, электрондық цифрлық қолтаңбамен дұрыс пайдалануды, уақытылы қол қоя алмауы себеп болып отыр. Жоғарыда аталғандарға байланысты Банк қарапайым халық арасында заңнамаға енгізілген өзгерістерді алдын ала жариялап, «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасындағы азаматтардың деректерін түзету және жаңарту жұмыстарын жеделдету қажет болып тұр, – деді Мұқаш Ескендіров.

Екіншіден,  депутаттар Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесі арқылы жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үйлерді сату мәселесі қиындағанын сөз өтті.

– Өнеркәсіп және құрылыс министрінің  №187 бұйрығына сәйкес, ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру баспана қорының жалпы көлемiнiң кемiнде 70% әлеуметтік осал топтағы азаматтарға,  20% жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және қалған 10% үлесі кезектегі басқа азаматтарға сатылады. Бүгінде ипотекалық тұрғын үйлердің кемiнде 70% әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ұсынылуы пәтерлердің дер кезінде іске асырылуына кедергі болмақ.

Мысалы, Тараз қаласы бойынша өткен 2025 жылы 706 пәтер сатылымға шығарылса, азаматтардың төлем қабілетінің расталмауына байланысты небәрі 588 пәтер ғана берілді.  Ал  биыл Тараз қаласы бойынша 1 278 пәтерден тұратын 29 көпқабатты үйлердің құрылысы аяқталып, сатылымға шығарылғалы отыр. Заңнамаға сәйкес, аталған үйлердің 70% немесе 895 пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ұсынылса, былтырғы жағдай тағы да қайталануы әбден мүмкін. Бүгінде баспана алу кезегіне тұрған азаматтардың 31 055 немесе  54% әлеуметтік осал топтағы азаматтар.

Осал топтағы азаматтардың төлем қабілетінің төмен болуы пәтерлердің уақытылы сатылмауына әкеліп, жергілікті атқарушы органдардың облигациялық қарыз борыштарын мерзімінде өтелуіне кері әсерін тигізеді. Осы аталғандарға байланысты, салалық министрдің бұйрығының тиісті өзгертулерді енгізу арқылы осал топтағы азаматтарға сатылатын пәтерлердің үлесін 70%-дан 50%-ға дейін төмендету және/немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру шарттарын жеңілдету мүмкіндігін қарауыңызды сұраймыз, – деді Қайрат Балабиев.