«Дипломмен – ауылға» бағдарламасын моноқалаларға да енгізу қажет – Берік Бейсенғалиев

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Берік Бейсенғалиев моноқалаларды дамыту мәселесін көтерді. Мәжіліс отырысында Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдап, моноқаладағы қордаланған мәселелерді айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев ел экономикасы үшін маңызды моноқалаларды дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Қалаларды әртараптандыру және тұрақты дамыту бойынша жүйелі шаралар қажет екенін бірнеше рет атап өтті.

Қазіргі таңда Қазақстанда халқы 1,3 миллион адамды құрайтын 20 моноқала бар. Бұл қалалардың экономикасы негізінен 16 қала құраушы кәсіпорынға тәуелді. Моноқалалардың өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі жоғары – шамамен 36%.

Сонымен бірге моноқалаларда бірқатар күрделі мәселе бар. Атап айтқанда, инженерлік желілерінің тозуы, көлік қатынасының әлсіздігі, аурухана, мектеп, мәдениет үйлері сияқты әлеуметтік нысандардың жетіспеуі, сондай-ақ инвестицияның аздығы.

2023 жылы «AMANAT» партиясы моноқалалардың болашағына қатысты мәселе көтеріп, оларды дамытудың кешенді жоспарларын жедел қабылдауды ұсынды. Сол жылы 10 моноқаланы дамытуға арналған кешенді жоспар бекітіліп, 2023-2025 жылдарға 343,6 млрд теңгеге 315 іс-шара жоспарланды.

Алайда бөлінуі тиіс қаражаттың тек жартысы ғана, яғни 170,2 млрд теңге бөлінді. Соның салдарынан жоспарланған 100 іс-шара орындалмады. 

Бұл деректер тек 6 моноқаланы – Балқаш, Степногор, Лисаковск, Жітіқара, Риддер және Алтай қалаларын қамтиды. Себебі Серебрянск, Арқалық, Жаңатас және Қаратау моноқалалар тізімінен шығарылып тасталды. Аталған қалаларды тізімнен шығарудың негізділігі де сұрақ тудырады.

Биыл Үкімет моноқалаларды дамытуға арналған кешенді жоспарларды  өңірлерді дамыту жоспарларымен біріктіруді жоспарлап отыр. Бұл 2023 жылы бекітілген кешенді жоспарлардағы бірқатар іс-шара  толық орындалмай қалуы мүмкін дегенді білдіреді.

Осыған байланысты мынадай шараларды қабылдау қажет деп санаймыз:

Моноқалалардағы маңызды инфрақұрылымды, оның ішінде электр желілерін жаңғырту мен жөндеуге ортамерзімді кезеңде қаржы бөлу;

Бос тұрған өндіріс орындарына толық аудит жүргізіп, олардың негізінде шағын индустриялық аймақтар құру мүмкіндігін қарастыру;

Тұрғын үй құрылысын дамыту үшін «Бәйтерек» холдингі мен қала құраушы кәсіпорындардың әлеуетін пайдаланып, жалға берілетін тұрғын үй бағдарламаларын кеңейту;

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын моноқалаларға да енгізіп, техникалық және кәсіптік білім беруді күшейту, жас мамандарды тұрғын үймен және көшу жәрдемақыларымен ынталандыру;

Саран қаласының тәжірибесін негізге ала отырып, «зәкірлік» инвестициялық жобаларды іске асыру үшін  Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация және «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі арқылы қаржыландыруды қамтамасыз ету.