«Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков Лондонда өткен баспасөз алаңында бүгін "Арсенал" клубына қарсы өтетін матч жайлы пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
ASnews.kz мәліметінше, футболшы Англия чемпионатына бала кезінен қызығып өскенін айтты.
– Бала кезімнен АПЛ командаларының ойындарын көріп өстім. Мұндағы эмоция мүлдем бөлек. Алла қаласа, ойын барысында қандай сезімде болатынымызды көреміз. Біз Чемпиондар лигасында мықты қарсыластарға қарсы бірнеше матч өткіздік. Алаңға жайдан-жай шықпаймыз, 100 пайыз дайын боламыз, – деді Анарбеков.
Сондай-ақ қақпашы Чемпиондар лигасындағы үздік 20 ойыншының қатарына енгенін атап өтті.
– Чемпиондар лигасының топ-20 ойыншысының қатарына кіру мен үшін қысым да, кедергі де емес. Біз күн сайын бар күшімізді салып жүрміз. Осы орайда командаластарыма алғыс айтқым келеді, – деді ол.
Еске сала кетейік, "Арсенал" мен "Қайрат" арасындағы Чемпиондар лигасының соңғы тур ойыны Лондондағы Emirates Stadium стадионында өтеді. Кездесу бүгін Қазақстан уақытымен сағат 01:00-де басталады.