Алматыда ШОБ нысандары үшін жұмыстың жаңа режимі енгізілді
Алматыда ШОБ нысандары үшін жұмыстың жаңа режимі енгізілді
© Сурет ғаламтордан
Алматыда ШОБ нысандары үшін жұмыстың жаңа режимі енгізілді. Осыған байланысты қалада азық-түлік емес сауда базарларының, ірі сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарының жұмысы тоқтатылды. Сондай-ақ карантин кезеңінде сауда орталықтарының аймақтары мен жеке орналасқан кинотеатрлар, балалар орталықтары, адамдар көп шоғырланатын басқа да ойын-сауық нысандарына шектеу қойылды. Ал осы нысандар аймағындағы азық-түлікпен дәрі-дәрмек сататын дүкендер жұмысын жалғастыра береді. Сондай-ақ, 21 наурызда енгізілген карантинге байланысты қызмет көрсету саласының нысандары да жабылды. Бұлар — косметология орталықтары мен кабинеттері, сұлулық салондары, СПА-салондар, аквапарктер, қоғамдық моншалар, бассейндер, солярийлер, массаж орталықтары мен фитнес залдар, сондай-ақ йогамен айналысу нысандары жұмысын тоқтатты. Ал, Алматыда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аумағы 2000 шаршы метрден кем емес сауда нысандары штаттық режимде жұмысын жалғастыра береді. Атап айтқанда, сауда орталықтары, гипермаркеттер, сауда лағы дүкендер, басқа да бөлшек сауда объектілері жұмыс істеп тұр. Бұл ретте карантин кезінде бұл нысандарда санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтілді. Айта кету керек, барлық тамақ өнімдері оралған болу керек. Яғни, көкөністер мен жемістерді айтпағанда, нан-тоқаш, кондитерлік және өзге де өнімдер тек ораулы күйінде сатылу керек. Қоғамдық тамақтану нысандары "клиенттерге жеткізіп беру" қағидаты бойынша жаңа режим бойынша жұмыс істейді. Мұнда да санитарлық-эпидемиялық шаралар күшейтілді. Бұл нысандардың жұмыс уақыты түнгі сағат 22.00-ге дейін белгіленді. Сонымен қатар, Алматыда бизнес өкілдерімен карантин аймағының шекарасы арқылы жүк тасымалдаудың жаңа тәртібі белгіленді. Мәселен, жүк және транзиттік тасымалдар шектелмейді. Жүк көлік құралдарының кіруіне/шығуына рұқсат берілді. Карантин аймағына кіру/шығу кезінде жүк көлік құралдары тиелген немесе бос болуы мүмкін. Блок-бекет арқылы өткенде қолда төмендегі құжаттардың болуы міндетті: – жүргізуші куәлігі мен көлік құралының техникалық паспорты; – тасымалданатын/әкелінетін тауарға барлық ілеспе құжаттар (жол парағы, жүкқұжат, шот-фактура және басқа ілеспе құжаттар); – еріп жүретін тұлғалардың құжаттары (экспедитор, көмекші, ауыстырушы т. б.); Сондай-ақ жүргізушілерде және онымен бірге жүретін адамдарда жеке қорғану құралдарының (бетперде, дезинфекциялау құралдары және т. б.) болуы қажет. Бұл ретте жүк және транзиттік жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын және жүк тасымалдау процестеріне қатысатын тұлғаларға ерекшелік ретінде тепловизорлық тексеруден өткеннен кейін Алматының аумағына кіруге/шығуға рұқсат беріледі.