Ақтөбеде хиджабтағы екі қыз iPhone ұрлап, ломбардқа өткізген

Күдіктілер 19 және 20 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғындары болып шықты.

Былтыр 28 желтоқсанда екі қыз Ақтөбе қаласындағы сауда үйлерінің бірінде орналасқан бутиктен бірнеше iPhone смартфонын ұрлаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бейнебақылау камераларындағы жазбалардан күдіктілердің дүкен сөресінен бірнеше смартфонды жасырын түрде алып кеткені анық көрінеді. Үш күннен кейін олар сол бутикке қайта келіп, сөренің ашық тұрғанын пайдаланып, тағы бір iPhone-ды қолды қылған.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер жедел түрде анықталып, ұсталған.

 Күдіктілер 19 және 20 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғындары болып шықты. Олар өз кінәсін толық мойындап, ұрланған ұялы телефондарды ломбардқа өткізгенін және түскен қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын айтты, делінген ПД хабарламасында.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полицейлердің ескертуінше, мұндай қылмыс үшін заңнамаға сәйкес 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған.